Борышкерлерге шетелге шығуға тыйым салынғаны туралы алдын ала ескертіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұрын борышкерлер қойылған тыйымдар туралы тек ұшу кезінде ғана біліп, оларды рейстерден түсіріп алатын болса, енді оларды 5 жұмыс күні ішінде алдын ала хабардар ететін болады деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл 27 маусымда Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.
Бұл заңмен Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның нормасына елден шығуға тыйым салу бойынша жаңа жеңілдетілген шектеу шаралары енгізілді.
Заң нормасымен берешек шегі ұлғайтылды, одан асып кеткен кезде елден шығуға уақытша шектеу қолданылады.
Бүгінгі күні шығуға тыйым салу 20 айлық есептік көрсеткіштен артық қарыз болған жағдайда қолданылса, енді бұл шек 40 АЕК-ке дейін көтерілді.
Бұдан басқа, сот орындаушысының өз қалауы бойынша әрекет ету өкілеттігін қысқарту мақсатында елден шығуға тыйым салу алдында бес жұмыс күні бұрын борышкерге хабарлау туралы норма енгізілді.
Яғни, бұрын борышкерлер қойылған тыйымдар туралы тек ұшу кезінде біліп, оларды рейстерден түсіріп алатын болса, енді алдын ала хабардар етілетін болады.
Сондай-ақ елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімдері, тәртібі мен негіздері, оның ішінде оның күшін жою мерзімдері мен негіздері қайта қаралды.
Қазір уақытша шектеулерді сот орындаушысы үш жұмыс күні ішінде емес, бір күн ішінде күшін жояды.
Заң 2020 жылғы 8 маусымда күшіне енді.