Борыш жүктемесін азайту мәселесі бойынша мәртебені Еңбекмині сайтынан алуға болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарыз жүктемесінің азаюына үміттенген қазақстандықтар өздерінің мәртебесін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсынан тексере алады. Бұл туралы аталмыш министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол үшін http://www.enbek.gov.kz/ru/node/363149 сілтемесінен өту, ЖСН енгізу және сұраныс жіберу жеткілікті. Ақпарат дереу көрсетіледі.Бұрын хабарланғандай, қарызды азайту туралы кеңесті 111, 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 телефондары арқылы ҚР Еңбекмині базасында жұмыс істейтін байланыс орталығынан алуға болады.
ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейтінін еске саламыз. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес азаматтардың санаттары келесі: көпбалалы отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар, бала кезінен мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтар; жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; жетім балалар.
Азаматтардың тізімі (жалпы алғанда 2,289 млн бірегей адам) орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерінен қалыптастырылды. Бұл тізім ҚР Ұлттық банкі мен Мемлекеттік кредиттік бюроға берілді. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тізімнен: кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн. теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Нәтижесінде 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалды.