Бортсеріктер мені ғана байлады – Қайрат Нұртасқа шағым түсірген жәбірленуші
4 маусымда ұшақта болған жанжалға қатысты әнші Қайрат Нұртасқа шағым түсірген Асылбек Бекқайыров сот отырысында оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайрат досым еді. Соған 24 сәуірде Орал қаласына дос баламның тойына “Досым, осындай-осындай той бар, осындай ақшаға барып берші” деп дыбыстық хабарлама жазған болатынмын. Ол кісі кешке жақын жауап бермеді. 7-8 рет звондағаным бар. Сосын мен айттым “Досым, менен де көмек сұрайсың ғой, екеуміз бір-бірімізге көмектесейік. Бір-бірімізге көмектеспейтіндей болмайық” дедім, - деді Бекқайыров.
Жәбірленушінің айтуынша, оның соңғы хабарламасынан соң түнгі 2-де Қайрат Нұртастан оны “жерден алып жерге салған” хабарлама келген.
Таңертең тұрғаннан кейін білейін деп жанындағы достарына, директорына звондадым. Не себепті мені боқтады, мен оның өзін боқтадым ба? Ренжіттім бе? Содан кейін онымен кездесе алмадым. 4-і күні ұшақта кездестік. Мен барып, “Қайрат, не болды? Неге боқтадың?” дедім. Ол тағы боқауызбен қайтарады. Екеуміз айқаласып жатқанда бортсерік келіп, мені ұстайды. Бортсерік мені алып бара жатқанда Қайрат мені ұрады, - деді жәбірленуші.
Кейіннен Асылбек Бекқайыров Қайрат Нұртас екеуін екі жақта отырғызып қойғанын, ал ұшақтан түскен соң қолдарына кісен салып, аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткенін айтты.
Бортсеріктер мені ғана байлады. Қайратты ешқандай байлаған жоқ. Қайрат халықтың баласы болған соң мені ғана байлап қойды. Мен қарсыласқан жоқпын. Бортсерік тарапынан маған ғана қысымшылық болды, - деп жауап берді ол бортсерікке қатысты прокурор сұрағына.
Айта кетейік, Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қайрат Нұртастың Алматы-Астана бағытындағы ұшақта бұзақылық көрсеткені үшін күдікті деп танылып, сот отырысы өтіп жатыр.