9 Қазан 2026, 19:47 Фото: АШМ баспасөз қызметі

Бордақылау алаңын салғысы келген инвесторға кедергі келтірген әкім жауапқа тартылды

Біржан сал ауданының прокуратурасы бордақылау алаңын салу жобасын іске асырып жатқан «Zere Agro Holding» ЖШС-ның құқығын қорғады.

Әкім жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның араласуынан кейін инвесторға қатысты жер конкурсының нәтижесі жойылды.

Құны 600 млн теңге құрайтын инвестициялық жоба 10 жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Жобаны іске асыру барысында инвестор жер учаскесін алу кезеңінде кедергіге тап болған.

Прокурорлық сүйемелдеу барысында жер учаскесін беру жөніндегі конкурс өткізу кезінде Үлгі ауылдық округінің әкімі қатысушылардың біріне мемлекеттік тіркеу есебіндегі деректерге сәйкес келмейтін тұрғылықты жері туралы анықтама бергені анықталды.

Осы анықтама негізінде жер комиссиясы аталған қатысушыға негізсіз қосымша балл есептеген. Бұл конкурс нәтижесіне әсер етіп, инвестордың құқықтарының бұзылуына әкелген.

Аудан прокуратурасы тиісті шаралар қабылдады. Үлгі ауылдық округінің әкімі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 173-бабының 1-бөлігі бойынша кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар істі қарау нәтижесінде сот конкурс қорытындысын жойды, деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта инвестициялық жобаны іске асыру үшін «Zere Agro Holding» ЖШС-ға жер учаскесін беру мәселесі аудан прокуратурасының бақылауында.

Бұл жағдай прокурорлық сүйемелдеудің бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтап, әкімшілік кедергілердің инвестициялық жобаларды іске асыруға тосқауыл болуына жол бермеуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жалғасуда.