Боран және көктайғақ: 14 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Бүгін, 8 қараша күні Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауа райының күрт бұзылуына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада және Ақмола облысында көктайғақ, боран және екпінді жел күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, кей жерлерде 23 м/с дейін жетпек.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында да жаңбыр мен қар аралас жауын, көктайғақ және боран болжанған. Желдің екпіні кей аймақтарда 28 м/с-қа дейін күшейеді.
Қарағанды мен Қостанай облыстарында қар, көктайғақ, боран және тұман күтіледі. Жел 15-20 м/с дейін соғады.
Павлодар облысында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен боран болуы мүмкін. Ал Солтүстік Қазақстан облысында да осындай жағдайлармен қатар желдің екпіні 25 м/с дейін күшеюі ықтимал.
Жамбыл, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман түседі деп болжануда.
Қазгидромет мамандары ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға жолда сақтық шараларын күшейтіп, көліктердің техникалық жағдайын қадағалауға кеңес береді.