9 Наурыз 2026, 11:48 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Боран салдарынан екі облыста жол жабылды

Адамдар эвакуацияланды.

8 наурыздан 9 наурызға қараған түні қалың қар мен боран Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жол қозғалысын қиындатты. Адамдар қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ақтасты ауылынан 30 шақырым жерде екі жеңіл автокөлік қар құрсауында қалған. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары жоғары өтімді техникамен сегіз адамды эвакуациялап, оларды Толыбай елді мекеніне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қатты боран мен қар үйінділерінің салдарынан Қостанай облысында «Қостанай – Введенка» автожолында бірнеше көлік қозғалыссыз қалған.

Павлов атындағы ауыл маңында оқиға орнына жеткен құтқарушылар қар құрсауында қалған көліктерді анықтады. ТЖМ қызметкерлері жүкті әйел мен кішкентай баланы эвакуациялап, оларды аман-есен Қостанай қаласына жеткізді. Қалған азаматтар эвакуациядан бас тартып, ауа райының жақсарғанын көліктерінде күтуді жөн көрген, – деп мәлімдеді ведомство.

Кейін дәл осы жолдың Майалап ауылы маңында тағы бір құтқару жұмысы жүргізілді.

Бұл жолы қалың қар үйінділерінің салдарынан жеті автокөлік кептелісте қалып, олардың ішінде 17 адам болған, – деп мәлімдеді ТЖМ.

Министрлік мәліметінше, құтқарушылар мен жеке ұйымның арнайы техникасы жұмылдырылып, жол қардан тазартылған. Құтқару қызметінің мамандары көлік иелеріне машиналарын тазартылған жол бөлігіне сүйреп шығаруға көмектескен. Осыдан кейін жүргізушілер жолдарын өз бетінше жалғастыра алған.

Ауа райының нашарлауына байланысты Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

  • ауылды ескертулерді бақылап отыру;
  • жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды ескеру;
  • алыс жолға және ұзақ жаяу жүруге, әсіресе түнгі уақытта, шықпау.