Боран, көктайғақ: Астанада және 17 облыста дауылды ескерту жарияланды
Бүгін, 12 қарашада Астанада және еліміздің 17 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, республика аумағының басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, боран, көктайғақ және тұман күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Атап айтқанда:
Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында қарлы боран, көктайғақ және екпінді жел болады;
Қостанай мен Ақмола облыстарында түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ пайда болуы мүмкін;
Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі;
Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді;
Жетісу мен Алматы облыстарында да күшті жел соғып, ауа температурасы төмендейді.
Астанада да көктайғақ күтіледі, желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с шамасында соғады.
Мамандар тұрғындарға алыс жолға шықпауды, жолда сақ болуды және ауа райы болжамдарын мұқият қадағалауды ескертеді.