"Боқауыз сөз нормаға айналып барады": Қазақстанда онлайн былапыт сөз үшін де жаза енгізілуі мүмкін
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесовтің қоғамдағы сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне қатысты сауалына жауап беріп, бейәдеп сөз қолдануға жауапкершілікті күшейту және жастар арасында мәдени қарым-қатынасты насихаттау бағытындағы шаралар туралы айтты.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов қоғамдағы сөйлеу мәдениетінің төмендеуі мен көпшілік ортада бейәдеп сөздердің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өз сауалында депутат қоғамдық тренингтер мен түрлі іс-шараларда балағат сөздердің қолданылуы қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын атап өткен.
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында қолданыстағы заңнамада қоғамдық орындарда боғауыз сөз айту әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылатынын еске салды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айту, азаматтарға тиісу және айналадағыларға құрметсіздік білдіретін өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық құрамын құрайды және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – делінген жауапта.
Үкімет басшысының мәліметінше, мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылады.
Сонымен қатар Үкімет онлайн-платформалардағы бейәдеп сөздерге қатысты жауапкершілікті де күшейтуді жоспарлап отыр.
Бүгінде “Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленді. Заң жобасында ӘҚБтК-нің 434-бабын толықтыру арқылы онлайн-платформаларда бейәдеп сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген, – деп жазылған Премьер-министрдің жауабында.
Құжатты биыл Парламент қарауына енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов қоғамдық тренингтер, семинарлар мен дәрістерді ұйымдастыратын коучтарға қойылатын талаптарға да тоқталды.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 25 желтоқсанда «Коучинг қызметі (кәсіби коучинг)» кәсіби стандарты бекітілген. Құжат кәсіби коучтардың біліктілігіне, құзыреттеріне және этикалық қағидаттарына қойылатын талаптарды айқындайды.
Коучтар жоғары білімінің болуы арқылы, сондай-ақ сертификаттау рәсімінен өту арқылы өз біліктілігін растайды. Қазіргі таңда елімізде ICF (International Coaching Federation) және ACU (Association for Coaching University) халықаралық сертификаттары мойындалады, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге коучтар әр үш жыл сайын кемінде 40 сағат көлемінде арнайы оқудан өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруге міндетті.
Премьер-министр этикалық мінез-құлықтың қоғамдағы дау-жанжалдарды бейбіт реттеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты биыл медиаторлардың Этикалық кодексі әзірленіп жатыр.
Жауапта жастар арасында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны да айтылған.
Үкімет мәліметінше, осы бағытта бұқаралық ақпарат құралдарында 4782 профилактикалық материал жарияланған. Оның ішінде республикалық телеарналарда – 55, өңірлік телеарналарда – 277, республикалық баспасөзде – 42, өңірлік басылымдарда – 279, интернет-ресурстарда – 720 және әлеуметтік желілерде 3409 жарияланым шыққан.
Сондай-ақ мемлекет жастар саясаты, оқу мәдениетін дамыту, тіл саясатын ілгерілету, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы медиа жобаларға гранттар бөлуді жалғастырып келеді.
Қазіргі уақытта жастардың құқықтық сауатын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған төрт ірі гранттық жоба жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, өңірлерде жастар саясаты аясында 200-ден астам әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр.
Үкімет басшысы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында этикалық тәрбие мен мәдени білім беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында да жалғасады. Құжат балаларды бірлік, әділдік, жауапкершілік, заң мен тәртіп қағидаттары негізінде тәрбиелеуге бағытталған.
Премьер-министрдің айтуынша, аталған жұмыстар тұрақты бақылауда тұр.
Еске салайық, бұған дейін депутат Байтілесов былапыт сөз қолданылатын тренингтерге баға беруді талап етті.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қоғамдық орында балағат сөз айту: Заң не дейді?
Бейәдеп сөз айтып, психологиялық семинар өткізгендер жауапқа тартылды