Әлеуметтік желіде ақпарат таратамыз деп қорқытқан қаскөйлер 700 мың теңге талап еткен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгісіз біреулер Ақтөбе облысының тұрғынын бір ай бойы қорқытып келген.
8 қазан күні Ақтөбе облысы полиция департаментіне жергілікті тұрғын келіп жүгінді.
"Оның айтуынша, белгісіз адамдар Ақтөбе облысы аумағында 1 қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін "әлеуметтік желіде саған қатысты ақпаратты таратып жібереміз" деп қорқытып зардап шегушіден 700 мың теңге көлемінде ақша талап етіп, бопсалаған", - делінген хабарламада.
12 қазанда облыстық ПД Криминалдық полиция департаменті қызметкерлері жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қатысумен арнайы операцияны жүзеге асырды. Зардап шегуші мен бопсалаушылар кездесетін жерге келіп жеткен тәртіп сақшылары 600 мың теңге көлемінде қаражатты беру барысында 2 ер адамды ұстады. Олардың Темір ауданының тумасы мен қала тұрғыны екені анықталды.
Тергеу барысында зардап шеккен азаматтың қаражаты мен қылмыстық іске қатысы бар басқа да айғақ заттар тәркіленді. Күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы тілхат алынды.
Аталмыш дерекке сәйкес ҚР ҚК 194-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы