Коронавируспен күрес. БҰҰ BOOST платформасын іске қосады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 пандемиясының ұзақ мерзімді салдарларын шешу мақсатында  Еуропадағы және Орталық Азиядағы БҰҰ Даму Бағдарламасы BOOST платформасын іске қосуда. 

Бұл платформа - әлеуметтік салаға инновацияларды жедел енгізуге арналған өңірлік бағдарлама. Өңірдегі цифрландыру, экономика және денсаулық сақтау саласындағы жаңа шешімдерді қолдайтын болады. 

Covid-19 пандемиясы – бұрын-соңды болмаған сын-қатер. Бізге оның толық әсері қандай болатыны белгісіз, алайда пандемия еңбек, экономика, басқару және денсаулық сақтау салаларының келешегін өзгертеді және дамудың барлық саласына елеулі әсерін тигізеді. Біздің жаңа платформамыз тиімді локальді шешімдерді ынталандыруға және ұлғайтуға арналған, - деді Еуропадағы және Орталық Азиядағы БҰҰДБ Өңірлік бюросының Стамбұл өңірлік орталығының менеджері Герд Трогеманн.

BOOST цифрландыру, экономика және әл-ауқат саласындағы даму мәселелерін шешу үшін бірқатар міндетті ұсынады. Платформа Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі бизнес компаниялардың, зерттеу институттарының, ғылыми топтардың және азаматтық қоғам ұйымдарының инновациялық шешімдері үшін ашық. Үміткерлер 2020 жылдың қыркүйек айына дейін бір немесе бірнеше міндетті шешуге арналған өтініштерін бере алады.

Жеңімпаз командалар БҰҰДБ қолдау көрсететін серіктестердің, демеушілер мен сарапшылардың желісіне кіруге мүмкіндік алады және өз шешімдерін енгізуге дайындықтан өту үшін әзірленген қарқынды алты айлық онлайн-бағдарламаға қатысады. Бағдарлама бизнес, медициналық, әлеуметтік және цифрлық технологиялар және жалпы әсер ету саласындағы тәжірибелі мамандармен өткізілетін семинарларды, сондай-ақ, тәлімгерлермен өтетін жеке сабақтарды қамтиды. 

BOOST — бұл БҰҰ ДБ-ның, Словакия Қаржы министрлігінің, Польшаның Сыртқы істер министрлігі мен басқа серіктестердің бірлескен бастамасы. БҰҰДБ және серіктестер Еуропа мен Орталық Азия өңірінде тиімді және тұрақты шешімдердің масштабталуына бұдан әрі де қолдау көрсететін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы