Профессионалдар. Кітап «емшілері»

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордада парақтары шашылып, мұқабасы мұқалып тоз-тозы шыққан кітаптарды қайта қалпына келтіретін мамандар бар. Кітаптарға «екінші өмір» сыйлайтын қызмет Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрсетіледі.

Кітапханада 10 жыл бұрын құрылған - қалпына келтіру секторы бөлімі ашылған. Мұнда 3 қызметкер жұмыс істейді.

Кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметованың айтуынша, секторда мамандар тек кітапты ретке келтіріп қана қоймай, газет беттерінің сақталуын да қамтамасыз етеді.

«Біздің кітапхананың алтын қорында 40 жылдан бері сақталған газеттердің бүгінгі таңда 9 215-і қайта қалыпқа келген. Ал парағы жыртылған, мұқабасы тозған кітаптардың саны қазір 10 мыңнан асып жығылады. Сонымен қатар, кітаптар мен газеттерді келер ұрпаққа жеткізу мақсатында сандық форматқа көшіру жұмыстары тыңғылықты жүруде», – дейді Бақытнұр Мырзахметова.

Оның айтуынша, қалпына келтіру секторында кітаптың тарихи, ақпараттық және көркемдік құндылығын сақтай отырып, оны қалпына келтіріп, кітаптың ұзақ мерзімге пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Мамандар кітаптарды қалпына келтіру мақсатында залалсыздандыру және химиялық өңдеу, тазалау әдістерін қолданады.

«Мәселен, қала тұрғыны араб тіліндегі ескі кітапты әкеліп табыстады. Ол Кеңес Одағы кезінде жерге көміліп сақталған екен. Парақтары үгітіліп тұр. Қазіргі таңда кітапты залалсыздандыру шкафына қойдық. Белгілі бір уақыт өткен кезде бұл кітапқа да «жаңа өмір» сыйлаймыз». Шындығында, кітаптар да «ауырады». Олар оқырмандардың қолына берілгендіктен, оның қалай сақталатынына ешкім кепіл бере алмайды. Бір оқырмандар оны ылғал жерге қалдыруы мүмкін. Кітаптарға микроб түседі. Ал залалсыздандыру шкафы арқылы «ауырған» кітаптарды «емдейміз», – дейді Бақытнұр Мырзахметова.




Сектор меңгерушісі Салтанат Баекееваның айтуынша, кітаптарды қайта қалпына келтіру үшін ең алдымен оның жоғалған парақтарының көшірмесі жасалады.

«Әрине, бұл кітаптың қосымша даналары кітапхана қорында болса. Кітап парақтары түгелденген соң, түптеу жұмыстары жүргізіліп, түптеушілер кітап беттерінің әр парағын ылғал шүберекпен сүртіп шығады. Кезең-кезең бойынша жалғаса беретін жұмыстың соңында мұқаба қаптамасын жасау, түптеу жұмыстары жүргізіледі. Кітаптың тек мұқабасын қалпына келтіру үшін жарты сағат уақыт жеткілікті. Ал егер кітапты түгелімен қалпына келтіру керек болса, 3 сағат уақыт жұмсаймыз. Бірақ қалыпқа келтірілген кітапты 24 сағатқа бастырып қою қажет», – дейді сектор меңгерушісі.

Ескірген газет беттерін қайта қалыпқа келтіру – түптеуші Индира Қосекееваның жауапкершілігіндегі іс. Ол газеттің тесілген, жыртылған беттерін микалентті қағазға ұннан жасалған желіммен желімдейді. Газеттің бұрынғы көлемімен аралап, мұқаба қаптамасын жасайды, одан әрі түптеу, престеу жұмыстары жүргізіледі.



Кітап түптеуші Лиза Ембергенова неміс технологиясымен жасалған арнайы аппаратта кітап блогын жинап, оған желім жағып, жіп арқылы қалпына келтіреді. Сонан соң кітап мұқабасын жасайды. Осы орайда айта кету керек, кітаптың мұқабасын қайта қалыпқа келтіру кезінде оның бұрынғы қаптамасының түсі, көлемі ескеріледі.


Сектор меңгерушісінің айтуынша, жыл ортасында қажетті бұйымдарға тапсырыс беріледі. Мамандар керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген.

Өткен жылы сектор мамандары жоспардағы 1500 кітапты қайта қалпына келтірсе, биылғы жылға жоспар 100 кітапқа көбейген.

«Бізде кітапты қалпына келтіру ісіне баулитын мектептер жоқ. Соның әсерінен бүгінде республикадағы көптеген кітапхана аталмыш мамандарға зәру», – деген Салтанат Баекеева мұндай руханият жанашырлары сұранысқа ие екенін атап өтті.

Ибраш Әли

Фото: автор


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы