Бомба қойылды. Жалған «террористер» 5 жылға сотталады

Бүгін Полиция департаментінде телефон арқылы жалған ақпарат таратқандармен күрес қалай жүргізіліп жатқаны айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Данияр Шымырқұлов мұндай қылмыс жасағандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын айтты.

Елордалық полиция департаменті жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат тарату оқиғаларына ерекше назар аударады. Себебі қылмыстың бұл түрі орташа қылмыс саналып, көптеген мемлекеттік ұйым және халық көп шоғырланған мекемелерге қиындық тудырады. Ал салдарынан мемлекетке айтарлықтай зиян келеді, - деді ол.

Сөзінше, құқық бұзғандар Қылмыстық кодекстің 273-бабы, яғни «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыс жасаған тұлғалар 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Жарылғыш заттар қойылғандығы туралы жалған ақпараттар бойынша ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы қызметкерлері, төтенше жағдай жөніндегі құтқару бөлімшелері, медициналық жедел жәрдем бригадалары бір мезгілде дабылмен көтеріліп, полиция кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырады. Көптеген жағдайда мұндай хабарламалар расталмайды. Ондай қылмысқа көбіне кәмелет жастан асқандар, ішімдік ішкеннен кейін өздерінің бұзақылық пиғылдарынан, ал жасөспірімдер қызық үшін барады. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы мекемелердің поштасына жолдау жиілеп кетті, - деп түсіндірді Данияр Шымырқұлов.

Мысалы, Астанадағы Бином мектебінің бірінде 7-сыныптың Д. есімді оқушысы мектепке барғысы келмегендіктен интернет желісі арқылы өзі оқитын мектептің электронды поштасына «мектепте сағат 14.00-де жарылыс болады» деген жалған хабарлама жіберген.

Басқарма қызметкерлері осы жалған хабарлама жіберушіні анықтап, жасөспірімнің ата-анасына Әкімшілік кодекстің 438-бабына («Арнаулы қызметкерді көрнеу жалған шақыру») сәйкес айыппұл салынды. Дегенмен кейде әлеуметтік желі немесе телефонның арғы жағынан хабарласатын жалған «террористер» қандай да бір мекеменің жұмысын болдырмау мақсатында саналы түрде әрекет етеді, - деп толықтырды сөзін полицей.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: elements.envato.com
Өзгелердің жаңалығы