«Бомба қойылды». ІІМ бірқатар қаладағы хабарламаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бірқатар қаласында жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарламалар келіп түсті. Polisia.kz-тің хабарлауынша, осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазақстанның бірқатар қаласында түрлі объектілерінде орнатылған жарылғыш құрылғылар туралы келіп түскен хабарламаларға байланысты келушілер мен персоналды эвакуациялау, ғимараттарды қоршау жүргізілді, арнайы техника мен қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, тиісті қызметтер мен мамандардың объектілерді тексеруі қамтамасыз етілді.
Осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясында 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі салынған жарылғыш зат туралы көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Сондай-ақ ІІМ тұрғындарды сабырлық сақтауға, өткізілетін іс-шараларға және қабылданатын қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.