Бомба бар: Павлодарда 14 жастағы оқушы мектептерге жалған хабарлама таратқан
Павлодарда 14 жастағы оқушысы мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Павлодар облысы бойынша Полиция департаменті мен ҰҚКД бірлескен іс-шаралары барысында білім беру ұйымдарында қойылған бомба туралы жалған хабарламалар таратқан күдікті анықталды. Ол 14 жастағы оқушы болып шықты. Ол ақпан-сәуір айлары аралығында жаңа телефон нөмірлері арқылы аккаунттар ашып, сол арқылы мектептердің электрондық поштасына жалған хабарламалар жіберіп, содан кейін есептік жазбаларды жойғаны белгілі болды, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Кәмелетке толмаған бала ата-анасының кепілгерлігімен берілген. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқандарға қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салу қажет, - деді Шұғыла Тұрлыбек.