Болжам. Ресей vs Украина. Алдағы қадам қалай болады?

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Украин-Ресей арасындағы саяси ахуалдың бұдан әрі қалай өрбитінін болжады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

21 ақпанда Варшавада АҚШ президенті Джо Байден Мәскеудің басқыншылығы сәтсіздікпен аяқталатын айтып, Путинның жолдауында айтқан сөздеріне жауап берді. Байден Украинаны асқан табандылықпен қолдайтын және күн тәртібінде еркіндік мәселесі тұрғанын мәлімдеді. Ал Ресей басшысы жолдауында «соғысты» Батыс пен Ресей арасындағы қақтығыс екенін көрсеткісі келді. 

Фото: president.gov.ua

 - Ресей-Украина арасындағы соғысқа бір жыл толды. Украинаға НАТО елдері мен АҚШ көмек қолын созып жатыр. Ал Ресей Ираннан қару сатып алуын тоқтатқан жоқ. Сіздің ойыңызша қай тарап көп шығынға ұшырады? Соғыстың жалғасуы кімге тиімді? Екі ел арасындағы жанжал келіссөздерге келумен аяқталуы мүмкін бе?

Менің ойымша, бұл соғыстан бәрі ұтылады, басты екі ел – Ресей мен Украина да, пассивті қатысушылар – Еуроодақ пен АҚШ-та шығынға батады. Алайда, бұл күресте Ресей өзін көбірек жоғалтып, беделінен айырылды. Оларға бұрынғы имиджін қайтару үшін ұзақ уақыт керек. Мәскеу мен Киевке қолдау көрсетіп жатқан елдер туралы айтар болсақ, соңғы кезде Қытайдың Ресейге қару-жарақ жеткізуіне қатысты түрлі ақпарат тарап, пікірталас туды. Бүгінгі таңда Ресейдің қару-жарағы азайып келеді, ол мәселе аз уақыттың ішінде шешілмесі анық.

Сондықтан Ресей ішінара мобилизация жариялады. Дегенмен, Путин қару-жарақ тапшылығын уақытша шешсе де, әскери техникамен қамту жағы шешімін таппаған. Соғыстың бұдан әрі жалғасуы екі тарапқа да тиімсіз. Алайда, Кремль қазіргі таңда тиімді позиция ұстанып отырмыз деп есептейді және ымыраға дайын екенін мәлімдеді. Ал екінші тарап Украина келіссөздерге келгісі келмейді өйткені олар үшін қандай да нақты әскери жеңіс қана бітім барысында басымдық беретінін жақсы түсінеді. Киев өз жерлерін, оның ішінде Қырымды толық қайтарып алғысы келеді. ЕО елдерінен жеткізілетін әскери техника мен қолдау Зеленскийге соғыс бағытын өздеріне қарай бұруға мүмкіндік береді. Иә, мен соғыстың келіссөздермен аяқталатынына сенемін. 

Фото: Сергей Савостьянов/ТАСС

 - Ресей АҚШ-пен ядролық қаруды азайту туралы өзара келісімді уақытша тоқтатынын айтты. Кремль бұл сөзімен қандай мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр? 

Меніңше, бұл Путинның АҚШ пен ЕО танкілерін Украина жеріне жеткізуге қатысты берген жауабы. Ресей президенті былтыр бұған жауап беруге уәде еткен болатын. Осылайша, ол Украина жақтастарының келешек шешімдеріне ықпал еткісі келеді. Мысалы, бұл шешім жойғыш ұшақтарды жеткізуге де қатысты болды. Әзірше Батыс Украина жеріне жойғыш ұшақтарды жеткізуден бас тартты. Себебі, АҚШ пен ЕО бұл соғысқа НАТО-ның еніп кетуінен қорқады. Брюссель де қазір Еуропа банктері бұғатталған ресейлік ақшаны Украинаға көмектесу үшін пайдаланудың заңды жолын қарастыруда. Яғни, бұғатталған соманың  пайызын пайдалану жолын талқылап жатыр, ал соманың өзі банкте қалмақ. Мәскеу мұндай сынақтарды өткізуге дайын емес, бірақ қарсыластарына қысым жасау құралы ретінде қолдануға ниетті деп ойлаймын. 

 - Джо Байден мен Украина президенті қандай келісім жасасты деп ойлайсыз? Кейбір сарапшылар Байден Украина басшысын бітімге шақырды деп болжады. Оның үстіне АҚШ-та сайлау болады...

АҚШ президенті Зеленскийге бітімге келуді ұсынған жоқ. Варшавада Джо Байден Ресейдің саясатына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда ұрыс алаңында қандай да нақты өзгеріс болмай, Кремльмен бітімге келу қиындау. Бірақ соғысты тоқтатудың тиімді жолы сол ғана.

АҚШ-ты қазір Ресейдің қару-жарақ тасымалдау көзі алаңдатып отыр . Қытайдың Мәскеуді қолдап, көмектесуге ниеті жоқ екенін мәлімдегеніне қарамастан, АҚШ Қытайдың  қақтығысқа жанама түрде араласса да, жағдайдың тым күрделене түсетінін мойындап отыр. 

 - Қандай жағдайда саяси шиеленіске қатысушы елдердің саны артуы мүмкін?

Әлемдегі жағдай күрделі. Мұндай әскери қақтығысқа қатысушы елдердің саны көбеюі мүмкін. Қазір Молдавадағы жағдайдың шиеленіскенін көріп отырмыз. Антиресейлік позиция ұстанатын елде президентке қарсы наразылық басталды деп болжануда. Молдава Еуроодақ мүшесі емес, дегенмен бұл жағдай қаржылық жағдайды қиындатады. Мәскеуді қолдайтын Иран, МАГАТЭ-нің соңғы дерегіне сәйкес, уранды 85 пайызға байытуға қол жеткізді. Солтүстік Корея үнемі зымырандарын сынақтан өткізеді. Сол себепті Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтату көптеген қауіпті азайтуға сеп болатын еді. 

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Бұған дейін 2022 жылғы айтулы оқиғаларына шолу жасаған едік. 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы