Болжам: Инфляция одан әрі төмендеуі мүмкін

Қазақстан Республикасына арналған миссияның қорытындысы бойынша Халықаралық Валюта Қорының қорытынды мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.

18 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Қазақстан ХВҚ миссиясын қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша қазіргі макроэкономикалық ахуалға және іске асырылып жатқан құрылымдық реформаларға, ақша-кредит және фискалдық саясатқа шолу, сондай-ақ негізгі қорытындылар мен ұсынымдар қамтылған қорытынды мәлімдеме жарияланды.

Миссияның пікірінше, Қазақстан экономикасы орнықты, инфляция біртіндеп төмендеп келеді, кредиттеудің жоғары өсу қарқынына қарамастан, банк жүйесі тұтастай алғанда тұрақты.

2025 жылы экономиканы қолдауға арналған бюджеттік шығыстар мен Теңіз мұнай кен орнын кеңейту аясында экономикалық өсім жеделдейді деп күтілуде. Ал, Қазақстанмен сауда-серіктес елдердің экономикасындағы өсу көрсеткішінің ықтимал баяулауы, геосаяси жағдайдың потенциалды шиеленісуі, сондай-ақ шикізат тауарлары бағасының құбыла түсуі – тәуекел факторлары қатарында айтылды.

ХВҚ сарапшылары 2024 жылдың тамыз айында инфляция төмендегенін атап өтті және ол 2024 жылдың соңына қарай 8,3%-ға дейін, ал 2027-2028 жылдарға қарай 5%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Валюта бағамының икемділігі аясында ақша-кредит саясаты тиімділігінің арттуы, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан айынан бастап ішкі бағаларды тұрақтандырған базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты Қазақстан Ұлттық Банкінің байыпты ұстанымы – қолайлы фактор ретінде аталды.

Миссия қаржы секторындағы тұрақтылықты арттыру шараларын оң бағалады. Бұл ретте ХВҚ ҚР бюджетінің Ұлттық қор ресурстарына шамадан тыс тәуелділігіне алаңдаушылық білдіреді. Сарапшылар фискалдық шоғырландыру, ашықтық және бюджеттік қағидаларға негізделген фискалдық жүйенің негіздерін нығайту маңыздылығына ден қояды. Бұдан басқа, миссия "Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы" ҚР Президентінің Жарлығында көзделген құрылымдық реформаларды жүргізу маңыздылығына да тоқталып өтті.

IV бап бойынша ХВҚ миссиясының келесі сапары 2025 жылдың мамырында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы