Болжам: 2026 жылы доллар қанша теңге болады?
Еуразиялық даму банкі 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 5,5% деңгейінде қалыптасады деп болжайды. Сарапшылардың пікірінше, негізгі өсім шикізаттық емес сектордың әлеуетін толық іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еуразиялық даму банкі келтірген болжамға сәйкес, инвестициялық белсенділік айтарлықтай күшеймек. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінде 100-ден астам инвестициялық жоба, ал су-энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында 200-ден астам жоба іске қосу жоспарланған. Бұл қадамдар экономиканың құрылымдық жаңаруына және тұрақты өсімге серпін береді.
Банк сарапшыларының бағалауынша, инфляция 2026 жылы 9,7%-ға дейін баяулайды. Бұған жоғары базалық мөлшерлеменің сақталуы және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруді кейінге қалдыру ықпал етеді.
Осыған байланысты базалық мөлшерлеме шамамен 18% деңгейінде 2026 жылдың екінші тоқсанына дейін сақталады, ал инфляцияның тұрақты төмендеуіне қарай реттеуші оны біртіндеп қысқарта бастайды.
Сондай-ақ ЕАБР доллардың орташа жылдық бағамы 535 теңге деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Бұған жоғары базалық мөлшерлеме, квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату нормасының сақталуы және шикізаттық емес экспорттың артуы қолдау көрсетеді.
Еске салайық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-і 6,5%-ға өскен. Бұл өсімге негізінен ішкі факторлар әсер еткен. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,4%-ға, ал өңдеу саласында 6,4%-ға артқан. Теңіз кен орнындағы қуаттарды кеңейту экономикалық өсімді жеделдетуге ықпал етті.
Сонымен бірге ішкі сауда 8,9%, көлік саласы 20,4%, ал құрылыс 15,9% өсім көрсетті.
ЕАБР бағалауынша, 2026 жылы инвестициялық жобалардың белсенді іске асуы мен шикізаттық емес сектордың үлесін арттыру Қазақстан экономикасының орта мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалайды.