"Тазалыққа бөлінген қаржы қайда?": Атырау әкімдігі халық шағымына жауап берді
Атырау қаласының әкімдігі тұрғындардың шөптің орылмауы мен қала аумақтарының қанағаттанарлықсыз жағдайына қатысты шағымдарына пікір білдірді.
Атырау қаласының әкімдігі тұрғындардың шөптің орылмауы мен қала аумақтарының қанағаттанарлықсыз жағдайына қатысты шағымдарына пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қала тұрғындары жыл сайын санитарлық тазалау мен шөп шабуға бюджеттен қаражат бөлінгеніне қарамастан, көптеген шағын аудандарда қараусыз қалған учаскелер бар екенін айтқан. Пайдаланушылардың сөзінше, шөп кей жерлерде мүлде орылмайды немесе орылғаннан кейін жиналмайды. Сондай-ақ олар мердігер ұйымдардың жұмысының тиімділігіне күмән келтірген.
Әкімдік BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап бере отырып, өткен жылы шөп шабу және аумақтарды тазалау жұмыстарын «AG Disinfection» ЖШС атқарғанын хабарлады. Ал 2025-2026 жылдары бұл міндеттер «Спецавтобаза» ЖШС-не берілген.
Аталған ұйым күн сайын қала көшелерін, қоғамдық орындар мен өзге де аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындардан келіп түсетін шағымдар бойынша көрсетілген учаскелерде міндетті түрде тазалау және шөп шабу жұмыстары атқарылады. Бұл үшін мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, тиісті бақылау жүзеге асырылады,- деп хабарлады әкімдік.
Билік өкілдері тұрғындардың өтініштері негізінде проблемалық учаскелерде жұмыстар міндетті түрде жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарға шағымдарын 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жолдауға болатыны ескертілді. Әрбір өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда қосымша жұмыстар ұйымдастырылады.
Осыған дейін Атырауда тұрғындардың қала аумақтарының көріксіз жағдайына әлеуметтік желіде шағымданғаны туралы жазған болатынбыз.