"Бөлінген миллиардтар мәселені шешпеген". Текелі тұрғындары лай су ішіп отыр
Тұрғындардың айтуынша, орталықтандырылған құбырдан келетін ауызсу кір жууға жарамайды. Олар лай суға ақы төлеуге қарсы. 30 жылдан бері мәселе әлі шешілмей келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бөлінген миллиардтар мәселені шешпеген
Біз моноқала тұрғындарының өтінішін тыңдауға арнайы Текелі қаласына бардық. Шағын шаһардың табиғаты көркем болғанымен, ауызсу мәселелі жылдар бойы шемімін таппай келеді. Аулаға жиналған Алатау шағынауданының тұрғындары көктем келе топырақ татитын су ішетінін айтып, БАҚ өкілдеріне арыз-шағымын жеткізді. Әрине, бұл түйткіл бұған дейін баспасөз бетінде көтерілген еді. Өткен жылы 1 млрд теңгеге бірнеше ұңғыма бұрғыланып, 2 мұнара салынғанын жазған едік. Алайда бұл іспен таза су мәселесі шешімін таппаған екен.
Маған осы қаланың әрбір тасына дейін таныс. Сонау кеңес заманынан бері ауызсу мәселесі кездесетін, бірақ онда бәрі жылдам шешілетін еді. Ал қазір әкімдер уәдені үйіп-төгіп бергенімен суға жарымай отырмыз. Басында Станцияда тұрған едім, кейін Алатау шағынауданына көшіп келдім. Зейнеттегі адаммын, бұлақтың басынан су тасып ішуге шамам жетпейді. Былтыр «биыл ауызсудан таршылық көрмейсіздер» деп ант-су ішкен әкімдіктің уәдесі қашан орындалады. Қашанға дейін шыдауға болады. Лай суды тұндырып ішіп көргенбіз, асқазанымыз ауырды. Күнде сатып ішуге ақшамыз жетпейді, - дейді қала тұрғыны Тамара Ларикова.
Бүгінде қала тұрғындары 5 литрлық баклашкасын көтеріп алып, бұлақ басынан су тасып жүр. Ал оған баруға ерінген ағайын суды сатып ішуді құп көрген. Тіпті кейбірі үнемдеп ішуге мәжбүр екенін жеткізді. Бүгінде арнайы аппараттарда 5 литр таза су 125 теңге тұрса, ал дүкенде 450-500 теңге тұрады. Үлкен отбасыға күніне 10-15 литр су қажет. Көпбалалы ата-аналарға тіпті қиын. Оған қоса, тұрғындар үйдегі лай судың әр текше метріне 70 теңге төлейді. Бұл екі есе шығын.
Лай суды сүзіп ішкеннен түк пайда жоқ. Мен бекерден бекер лай суға ақша төлегім келмейді. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Мен көпбалалы ана ретінде мемлекеттен алатын азғандай жәрдемақыға қарап отырған анамын. Қазір азық-түліктің бағасы да қымбат. Бес баланы киімін құбырдан келетін суға жуа алмаймын. Таза су қажет. Балаларды бұлақ басына жіберуге тағы да қорқамын. Күнделікті 20-30 литр су сатып алуға ақша қажет. Өзі үнемдеп отырған азын-аулақ қаржымызды суға жұмсай алмаймыз. Былтыр облыс әкімі келгенде уәде еткен еді. Міне биыл тағы қайталанып отыр, - дейді көпбалалы ата-ана Айгерім Үсенбаева.
Қора мен Шажа өзенінен ауызсу алып отырған жұрттың алаңы көктем келе үдейтіні белгілі. Жылда осы оқиға қайталанады. Тау басындағы қарғын су еріп, қос өзен толған шақта біраз уақыт лайланады. Ал содан тіршілік нәрін алып отырған текеліліктердің баспанасына лайлы су барады. Арнайы сүзгі апаратын сатып алған тұрғындар техниканы әл-дәрмені ұзаққа жетпейтіні айтуда. Ал жергілікті биліктің қолы тағы да қысқа.
Әкімдік те әбігерге түсіп отыр
Тәуелсіздік алғаннан моноқалада ауызсу мәселесі ушығып тұр. Халық қос өзенге айып тақпайды, тек қала әкімдігінің қауқарсыздығына наразы. Жыл сайын миллиондаған ақша бөлінгенімен көктем келе баяғы жартас сол жартастың күйін кешеді. Мәселен былтыр да бірнеше ұңғыма бұрғыланып, 2 мұнара салынған еді. Дегенмен мұнымен таза ауыз су мәселесі шешілмеді. Себебі жерасты суы осыдан 46 жыл бұрын салынған сүзгі станциясы арқылы өтеді.
Бұрыннан өзен суы халыққа тазаланып беріледі. Бүгінде сүзгі станциясының 86 пайызға тозған. Осы күнге дейін ешқандай орташа жөндеу жұмыстары жасалмаған. Осы жылы 25 ақпанда байқау жарияланып, мердігер белгілі болған еді. Алдағы уақытта орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Біз қолдан келген шараларды қабылдап жатырмыз. Техниканы жаңғырту жұмыстары қолға алынса, көп ұзамай үйге таза су барады, - дейді Текелі қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Жетібаев.
Ертеден кеншілер шаһары тіршілік нәрін Қора, Шажа өзендерінен алып келеді. Көктем, жаз айларында таудан еріген қар суы ішуге мүлде жарамай қалатыны содан. Сондықтан оны халыққа сүзіп беруден басқа амал жоқ. Жер асты суы ішуге жарамайды. Бірақ ескірген станциялар сүзгіші лай суға келгенде қауқарсыз, толықтай жөндеу жұмысын талап етеді.
Бір сорғанда құдық 240 куб су сорады, қазір мұнда Зумов деген сорғы да жұмыс істеп тұр. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Текелі халқымен кездескенде ауызсу мәселесі реттелетінін ашық айтқан. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы да бар. Соған сай 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Тіпті республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы да бөлінген. Ал ұңғымалардан тартылатын сумен жабдықтау инженерлік желілерінің құрылысын «ҚазЕвроСтрой» ЖШС жүргізген еді. Мердігер компания сапалы суды бұрын бұрғыланған ұңғымалардан алатынын айтып, қам жемеуді сұраған. Сондай-ақ халықты ұңғымаларға жоғары қуатты сорғыштар қосылып, әрқайсысының көлемі 3 мың метрлік екі жинақтаушы резервуарға су толтырылады деп сендірген еді. Ал Текелі қалалық ТКШ(ЖКХ) бөлімінің басшысы Ғалым Төлегенұлы 15 шақырым су желілерінің құрылысы жүргенін жеткізіп, текеліліктерді сабырға шақырғаны әлі есімізде. Бұл су құбырлары моноқаланы толықтай таза сумен қамтуға қауқарлы екені күмән келтірмеген едік.
Былтырғы есеп бойынша, өткен жылы күрделі нысандардың бәріне соңғы үлгідегі заманауи конструкциялар қойылған. Жалпы қалада 2 резервуар, 3 ұңғыма бар. Сондай-ақ электр жүйесі, бұрғыма, фильтрлеу құрылғылар жаңарған. Тіпті ұңғымадан резервуарға дейін 160 мм-лік 6,5 шақырым, ал резервуардан қалаға дейін 355 мм-лік 9,9 шақырым магистральді құбыр салынған. Мұны облыс әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері толықтай тексерген еді. Сөйтіп ТКШ бөлімі жұмысты жеке бақылауына алатын болған. Міне, бір жыл өтпей жатып тұрғындар қайта дабыл қағуда. Сонда миллиардтаған қаржы желге ұшқаны ма? Жұрт қашанғы лай суды тұтына береді. Сол себепті қалай десек те жаз шыға қиындыққа тап болатын халықтың жаңайқайы орынды.
Бұл мәселе Презенттің құлағына да жеткен. Былтыр шешімін тапты деп қуанып жүргенде биыл халық тағы да шулап отыр. Әкім ауысқан сайын бұл жұмыстың соңына жете алмайтын секілдіміз. Тіпті әр аптаның ортасы мәслихат депутаттары мен қалалық мониторингтік топ тексеріп тұрды. Халықта қадағалап отырды. Енді таза су ішеміз дегенде міне қайта лай су ағып жатыр. Қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Күтейік, - дейді қала тұрғыны, ардагер Ертай Есенбеков.
Текелі кенді қала болған соң, қара жерді ішерге жарар су алу қиын. Амал жоқ, ағайын өзен суын тұтына береді.