Болгарияда хакерлер мемлекеттік желілерге бес жыл бойы қол жеткізіп келген
Күдікті әрекеттер тек 2026 жылдың тамызында киберқауіпсіздікті бақылаудың жаңа ұлттық жүйесі арқылы анықталған
Болгарияда ауқымды кибершабуыл анықталды. Оның салдарынан белгісіз біреулер мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізіп, 62 миллионнан астам құжат бетін ұрлаған. Хакерлер бес жыл бойы ешкімге байқалмай әрекет еткен. Бұл туралы Anadolu басылымы жазды.
Елдің Инновациялар және цифрлық трансформация министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік желілерге заңсыз қол жеткізу 2021 жылдан бері жалғасқан. Осы уақыт ішінде қаскөйлер мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты кемінде 130 гигабайт ақпаратты көшіріп алған.
Күдікті әрекеттер тек 2026 жылдың тамызында киберқауіпсіздікті бақылаудың жаңа ұлттық жүйесі арқылы анықталған.
Оқиғаны тергеу үшін арнайы топ құрылды. Оның құрамына барлау қызметтері, полиция, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшылары кірді.
Билік өкілдері зардап шеккен жүйелерді оқшаулап, анықталған қол жеткізу арналарын бұғаттады. Қайта шабуыл жасалмауы үшін алдағы 90 күнде мемлекеттік желілер күшейтілген бақылауда болады.
Сонымен қатар министрлік әзірге хакерлердің қолына азаматтардың жеке деректері түскенін растайтын дәлелдер жоқ екенін мәлімдеді.