Болгария ресми түрде еуроға көшті
Болгария 1 қаңтардан бастап ұлттық валютасы – левтен бас тартып, еуроаймақтың 21-ші елі атанып, еуроға көшті. Бұл қадамды ел билігі Еуропалық одақтағы ықпалды арттыру, экономиканы нығайту және қаржылық тұрақтылықты күшейту үшін маңызды деп бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Еуропалық орталық банктің президенті Кристин Лагард Болгарияның еуроаймаққа қосылуын «ортақ құндылықтар мен бірліктің символы» деп атады. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен де бұл шешім азаматтар үшін саяхат пен сауданы жеңілдететінін мәлімдеді.
Алайда қоғамда бұл өзгеріске көзқарас біркелкі емес. Eurobarometer дерегіне сәйкес, болгарлардың 49%-ы еуроға көшуді қолдамайды. Наразылық білдірушілер бағаның өсуінен және елдің экономикалық тәуелділігінің артуынан қауіптенеді. Кейбір кәсіпкерлер мен тұрғындар қымбатшылықтың еуро енгізілмей тұрып-ақ басталғанын айтуда.
Президент Румен Радев еуроға көшу маңызды қадам болғанымен, бұл мәселе бойынша халықпен референдум өткізілмегеніне өкініш білдірді. Соңғы айларда елде саяси тұрақсыздық күшейіп, үкімет отставкаға кеткен.
Сарапшылардың бір бөлігі еуроның әсері ұзақ мерзімде байқалатынын айтып, шетелдік инвестиция мен қаржылық сенімнің артуын күтуде. Fitch агенттігі Болгарияның кредиттік рейтингін еуроаймаққа қосылуына байланысты көтерді.
Болгарияның еуроға қосылуымен Еуропада бірыңғай валютаны пайдаланатын халық саны 350 миллионнан асты.