Бөлекпаев қаза тапқан өрт сөндірушінің үйіне барды
Қарағанды облысында қайтыс болған ТЖД қызметкерінің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысы мен Саран қаласының әкімдіктері, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайраттың отбасына көңіл айтты.
1991 жылы туған Хали Хайрат 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген.
Қаза тапқан өрт сөндірушінің үйіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей және Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов барды.
Хали Хайраттың өртті сөндіру кезінде көрсеткен ерлігі – нағыз батылдық пен жанқиярлықтың үлгісі. Ол өз өмірін адамдарға қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осы қайғылы сағатта біз қайғы азабын Халидің туыстарымен бөлісеміз, әрине, біздің сөздеріміз бен қолдауымызбұл отбасына ардақты ұлы, аяулы әкені қайтармайды. Ол туралы естелік жарқын болсын, ал құтқарушылардың келесі буыны оның ісін жалғастыра берсін! – деп Ермағанбет Бөлекпаев Хали Хайраттың отбасына көңіл айтты.
Марқұмның отбасына жерлеу іс-шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Үйде фельдшерлік және психологиялық қызметтер кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шаралар Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қарқаралы ауданында дала өрті тұтанып, өрт сөндіру кезінде құтқарушы қаза тапқан болатын. Оны жою үшін ТЖМ барлық қызметтері, оның ішінде ТЖД 111 қызметкері, құқық қорғау органдары, 27 түрлі техника жұмылдырылды, өрт сөндірудің жедел штабы ашылды. Облыс әкімі оқиға орнында жедел штабпен кеңес өткізді.