Болатхан Тайжанға ескерткіш тақта орнатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда дипломат және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Қазақ мәдениетін насихаттаушы тұлға тірі болғанда 8 наурызда 80 жасқа толар еді.
"Алматы ақшамы" газетінің мәліметіне қарағанда, мемориалдық тақта дипломат тұрған Сейфуллин даңғылы бойындағы 546-үйге орнатылды.
Болатхан Тайжан өзінің дипломатиялық қызмет еткен түрлі кезеңдерінде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы, Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның Малайзиядағы, Мысырдағы және қосымша Алжир, Иордания, Ливия, Марокко, Сирия, Тунис елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі болды. Отставкаға шыққаннан кейін өзінің күш-жігерін қоғамдық жұмыстарға арнады.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қала басшылығы, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, дипломатиялық қызмет ардагерлері мен Б.Тайжанның отбасы өкілдері сөз сөйледі.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Болатхан Тайжанның Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін атап өтпеу мүмкін емес екенін, тамаша дипломаттың сыртқы саясат институттарын құруға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын жеткізді.
Ол сонымен қатар азаматтық қоғамды дамытуға белсене қатысып, осы үдерістің белсенділерінің қатарында болды. Ел игілігі үшін жұмыс істей отырып, қоғам алдында да, өзінің ар-ожданы алдында да адал болды. Қазақ мәдениетінің белсенді насихатшысы болып, бірегей ұлттық дәстүрлерімізді бүкіл әлемге таныту жолдында еңбек етті, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Ал Болатхан Тайжанның жақын досы, ҚР Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменов өз кезегінде:
Болатхан – идея адамы, өз халқына адал азамат еді. Кадрлық дипломат өз ісін жақсы білетін. Ол дипломатияның дамуына өте күрделі кезеңде – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бәрі енді ғана тәй-тәй басып жатқан қиын шақта келді. Оған дипломатиялық қатынастар орнатып, сыртқы саясатқа тыңнан түрен салу керек болды және ол мұны керемет орындады. Адамдардың, өз елінің азаматтарының мүдделері Болатхан Тайжан үшін әрқашан бірінші орында тұрды, – деді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеушілер Болатхан Тайжанның өмірі мен кәсіби еңбек жолы отандық дипломаттардың қазіргі буынына, елді алға жетелейтін жастарға үлгі бола алатынын атап өтті.