Болатбек Баймаханов: Адамның донор болуға келісімін беруі – саналылықтың жоғары дәрежесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Трансплантология жағдайы қазіргі заманда елдегі медицина жағдайының басты көрсеткіші саналады. Себебі елдегі медицина дәрежесі адам ағзаларын алмастыру бойынша сәтті жасалған операциялар бойынша бағаланады.

Органдарды трансплантациялау кез келген адамға, ересекке де, балаға да кез келген сәтте қажет болуы мүмкін. Бірқатар аурудың соңы адамның қандай да бір ағзасы жұмысын тоқтатуына және оны трансплантациялау қажеттілігіне әкелуі де ғажап емес.

Бүгінде үш мыңнан астам қазақстандық ағзаларын ауыстыруға зәру, оның 111-і – бала. Кейбір пациенттердің донор күтуіне күн емес, санаулы сағат қана қалды. Қазақстандықтар өзге ағзаларға қарағанда, бүйрек алмастыруға аса мұқтаж – 91,5%, содан кейін жүрек – 4,4%, бауыр – 4% және өкпе (өкпе-жүрек кешенін қоса алғанда) – 0,1% тұр.

Жалпы, Қазақстанда трансплантация жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безіне жиі жүргізіледі. 2012 жылдан бастап 1892 трансплантация жасалды, оның 80%-ы тірі донорлардан болса, 20%-ы – қайтыс болған донорлардан алынған.

Қазіргі уақытта трансплантация орталықтарының мәліметі бойынша, осы жылдар ішінде операция жасалған азаматтардың 86,2%-ы ҚР-да тұрады екен. Осы тұрғыда кімдердің донор бола алатыны жөнінде Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексінен білуге болады.

Трансплантация төңірегіндегі мәселеге қатысты «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болатбек Баймахановтан сұрап білген едік.

- Болатбек Бимендеұлы, әңгімемізді елдегі транспланталогия және заңнаманың даму деңгейі қандай деген сауалдан бастасақ...
Біздің мемлекетімізде трансплантология саласы қарқынды дамып келе жатыр. Қазақстанда өмірлік маңызы бар барлық ағзалардың (бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе) трансплантациясы жасалады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы трансплантология саласы басқа дамыған елдердің трансплантологиясының деңгейімен бірдей. Бұған трансплантациядан кейінгі асқыну, өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштері дәлел бола алады. Мемлекетімізде ағза трансплантациясы бойынша заңнама бар, ол трансплантацияның барлық мәселелерін қамтиды. Заманның өзгеруіне және қоғамның әртүрлі көзқарасына байланысты 2009 жылы қабылданған заңнамаға 2019 жылы бірнеше қосымшалар мен толықтырулар енгізіліп өзгертілді.   

- Донорларды іріктеу критерийлері және олардың жетіспеушілігі жөнінде не айтасыз?

Донорларды іріктеу критерийлеріне келсек, өз кезегінде донорлар – туыстық және мәйіттік деп бөлінеді. Мәйіттік донор – ол белгілі бір себептерге (инсульт, бас миының жарақаттануы және т.б.) байланысты бас миының өлімі анықталған науқас адам. Бұл науқастар жасанды аппараттың көмегімен 3-5 күн өмір сүреді. Мәйіттік донордан жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқыбез секілді ағзаларды алу арқылы бірнеше адамның өмірін арашалап қалуға болады. Ал туыстық донорлық – науқаспен тікелей туыстық қатынасы бар және донорлыққа қарсы көрсеткіштері жоқ, кәмелет жасқа толған адамнан заңды келісімі арқылы трансплантацияға aғзаны немесе ағза бөлігін алу. Туыстық трансплантация бүйрек және бауыр трансплантациясында жиі колданылады. Туыстық донорлардан жұп ағзаның тек біреуін алуға немесе бауырдың жарты бөлігін алуға мүмкіндік бар. Туыстық трансплантация көп жағдайда донорлық қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмайды, себебі науқастардың кейбіреуінде сәйкес келетін туысы жоқ, кейбіреуінде медициналық қарама-қайшылықтар болады. Соған байланысты донорлық тапшылықты толық жою үшін мәйіттік донорлардың санын көбейтуіміз керек. 2018-2020 жылдардағы көрсеткіштер бойынша, ҚР-да мәйіттік донорлардың саны өте аз, жылына 2-5 мәйіттік донордан ғана ағзалар алынды.

- Осы орайда органдардың донорлығына келісім презумпциясына тоқталсақ, бұл неліктен маңызды?
Қазақстан Республикасында «Келісім презумпциясы» 2009 жылдан бері бар. Сол «Келісім презумпциясы» бойынша азамат немесе азаматша, тірі кезінде донор болуға өз қарсылығын заңнамаға сәйкес білдірмесе, өлгеннен соң ол азамат немесе азаматша заңды түрде мәйіттік донор болады (бұл ретте жолдасының немесе жақын туысқандарының рұқсаты қажет етілмейді). Мәйіттік трансплантацияны жасаудан көш бастап тұрған мемлекеттерде «Келісім презумпциясы» кең қолданыста. Қазіргі уақытта Еуропа елдері де мәйіттік трансплантацияның тиімділігін байқап, «Келісім презумпциясын» енгізіп жатыр. Бұл презумпцияның негізгі принципі – органдар мен тіндерді алуға келісімін бермеу, азамат бұл құжатты заңнамаға сай тірі кезінде міндетті түрде толтыруы қажет. Егер тірі кезінде ешқандай құжат толтырмаса, онда туысқандарының рұқсаты қажет болады. Келіспеушілік презумпциясы АҚШ-та, Польшада, Қытайда, Германияда қолданылады.
- Адамның тірі кезіндегі келісімі негізінде ғана ағзаларды адам қайтыс болғаннан кейін алу жөнінде қосарыңыз болса...
Әр адам өз өміріне жауапты. Кез келген адамның көзқарасын және наным-сенімдерін бір мезетте өзгерту мүмкін емес. Егер де көпшілік қауымға бұқаралық ақпарат құралдары, интернет желілері арқылы ақпарат беру, түсіндіру, онлайн көмек көрсету, сұрақ-жауап жұмыстары жүргізілсе және нәтижелері жайлы салыстырма деректер көрсетілсе, көп адамның пікірі өзгереді деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қосымша аурулары жоқ, ақыл-есі дұрыс тұлғаның донор болуға келісімін беруі саналылықтың жоғары дәрежесі деп есептеймін.
- Цифрландыру жүйесі донорлыққа әсер етті ме?
Қазіргі заман талабына сай, біздің мемлекетімізде де медицина, соның ішінде трансплантация бағыты бойынша цифрландыру жүйесін дамыту маңызды рөл атқарады. Бұл бізге мемлекетіміз бойынша донорлыққа қарсы емес адамдар тізімін, трансплантацияны қажет ететін науқастар тізімін толыққанды жүргізуге, адамдарға ашық түрде ақпарат таратуға көп пайдасын тигізеді. Кез келген өңірден толық ақпарат жинау, тізімге қосу және әр өңірде мониторинг пен статистиканы жүргізуге өз септігін тигізері сөзсіз.
- Бүгінге дейін жеке өзіңіз қанша трансплантация операциясын жасадыңыз, тәжірибеңізбен бөліссеңіз...
2012 жылдан бастап мен 150-ден астам бауыр трансплантациясын, 439 бүйрек трансплантациясын жасадым.
- Органдардың донорлығына қатысты дін не дейді?

Қазақстан Республикасындағы негізгі діндер - ислам және христиан. Ислам дінінде адамды құтқару мейлі оның жанын болсын, мейлі тәнін болсын - ең басты мәселе. Сол себепті донор адам өмірін сақтауға мүмкіндік туғызуға арқау болатын болса, ондай жағдайда Ислам діні рұқсат етеді. Христиан дінінде де мәйіттік донорлыққа рұқсат етілген. Бұған ең алдымен альтруизм, жанқиярлық идеясы ықпал етті. Бірақ бұл екі дінде де ағзаларды сатуға және сатып алуға тыйым салынады.

 - Елімізде органдар трансплантациясын күтіп жүргендер көрсеткіші қандай?

2020 жылғы жағдай бойынша, Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметтері мынадай: 3 409 адам ағзаларын трансплантациялауды қажет етеді, оның ішінде 111-і – балалар. «Күту парағында» бүйрек трансплантациясына 3 129 адам, бауыр трансплантациясына – 135 адам, жүрек трансплантациясына – 143 адам, өкпе трансплантациясына – 1 адам және жүрек-өкпе кешені трансплантациясына - 1 адам өз кезегін күтуде. Бұл тек тіркелген науқастар саны, ал трансплантация қажет көптеген науқастар бұл тізімде тіркелмеген болуы да ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы