Бақауов: Қомақты инвестиция салынып, бірақ тоқтап тұрған кәсіпорын көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Іnstagram-дағы ресми парақшасында индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ кәсіпкерлік және сауда басқармаларының алқа мәжілісі өткенін жазды. 

Бүгін индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ кәсіпкерлік және сауда басқармаларының алқа мәжілісі өтті. Өкінішке қарай, былтыр инвестициялық жобалардың барлығын жүзеге асыру мүмкін болмады. Инвесторлар бюджет қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылымдар салынғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған жағдайлар кездесті. Сонымен қатар, өңірде қомақты инвестиция салынып, бірақ тоқтап тұрған кәсіпорындар бар. Мәселен, Екібастұздың теміржол кластеріндегі үш кәсіпорыны тапсырыс ала алмай келеді.

Осы және өзге де мәселелерді шағын және орта бизнестің, ірі компаниялардың өкілдерімен болған кездесуде талқылап, пысықтадық. Әрбір проблемада мемлекеттік органдар тарапынан кеткен кемшіліктер де бар деп ойлаймын. Біз бұл бағыттағы жұмысты жақсартатын боламыз.

Осы аптада Павлодар облысының басқа да басқармаларының қатысуымен алқа мәжілісі форматындағы кездесулерді жалғастыратын боламыз, - делінген жазбада

Естеріңізге сала кетейік, БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Павлодар облысының әкімі ұсталды, тергеліп жатыр" деген мазмұндағы хабарламалар мен аудиожазбалар таралып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.

Бүгінде бірде бір ресми орган шыққан ақпаратты не растап, не жоққа шығарған жоқ.

Тек Павлодар облысы әкімдігінің Instagram парақшасында аталған жағдайға қатысты түсіндірме жарияланды.
БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Павлодар облысының әкімі ұсталды, тергеліп жатыр" деген мазмұндағы хабарламалар мен аудиожазбалар таралуда. Дәл қазіргі уақытта аталған ақпаратты растайтын ресми деректер жоқ. Ресми деректер жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Біз Сіздерді өзіміздің әлеуметтік желілер арқылы хабардар ететін боламыз, - делінген жазбада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы