Болашақта тіл мектебін ашуды армандаймын – Юлия Лагуткина
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. «Оберег» украиндер қоғамы жастар қанатының мүшесі Юлия Лагуткина қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен сабақ беріп жүр.
Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің түлегі мемлекеттік тілді оқып-үйренуге қатысты пікірлерімен бөлісті.
Қазақ тілін қайдан меңгердіңіз?
– Өзім Айыртау ауданының Лавровка селосында орыс мектебінде білім алдым. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығым 5-6 сыныпта арта түсті. Бұл жерде ынталандыра білген оқытушы еңбегі зор деп білемін. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазым Жанар Құсайынова өте талапшыл болды. Оның көмегімен Абай, Мағжан оқуларына, түрлі олимпиадаларға қатыстым. Демалыс кездерінде де ұстазыммен бірге дайындалатынмын. Қазақтың қазыналы да құнарлы бай тілін жетік меңгердім деп айта алмаймын. Әлі де ізденіс үстіндемін.
Мектеп кезінде ерекше есте қалар оқиғалар болды ма?
– Бала күнімде журналист болсам деген де арман болған. Тележүргізушілерге қызығатынмын. Ұстазым Жанар Ғазизқызының «Өскенде Мая Веронская сияқты мықты журналист боласың!» деген бір ауыз сөзі бойыма ерекше қанат бітіретін.
Тіл үйрену үшін алдымен ниет керек. Қазақ тілін бір күнде меңгеріп кеткен жоқпын. Бұл осы уақытқа дейінгі еңбегімнің жемісі. Қазақша сөздерді түсінетінмін, бірақ сөйлеу қиынға түсетін. Байқауларда қарсыластарым өте мықты болатын. Бірде Петропавлда өткен олимпиадада қазылар алқасы сұрақ қойды. Дұрыс түсініңкіремесем де, бар жауабымды айттым. Айналамдағылар күле бастады. Осы сәттен бастап қазақ тілін жетік меңгеруді алдыма мақсат етіп қойдым. Әдеби шығармалар халықтың баға жетпес қазынасы. Тек тілге ғана емес, қазақтың салт-дәстүріне деген қызығушылығым артты.
Қазіргі уақытта оқушыларыңыздың тіл үйренуге қызығушылығы қалай?
– Оқушыларыма грамматика, лексика негіздерін түсіндіруге тырысамын. Сабағыма келген үлкен-кішіге «Қазақ жерінде тұрып жатқан соң, мемлекеттік тілді білуіміз керек!» деп жиі айтамын. «Маған қазақ тілі керек емес, мен бизнесмен боламын» дейтіндерге «Бизнесмен болсаң клиенттермен қалай жұмыс істейсің? Мысалы, еліміздің оңтүстігі таза қазақша сөйлейді ғой. Оларды қалай түсінесің? Аудармашыға да қосымша жалақы төлеу керек» деймін. Бұрын көп ақпаратты кітаптан оқитынбыз. Бүгінгі жас буын видеоконтент бойынша пайдалы ақпарат алады. Сабақтарда мәтінмен ғана жұмыс істемей, бейнероликтерді де пайдаланамын. Сол бойынша тапсырмалар орындалады. Кез келген жаста дұрыс әдіс-тәсілдің көмегімен тіл үйренуге болады. Оқушыларымның ұмтылысы мені де жігерлендіреді. Мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлерге де сабақ беремін. Егде жастағы адамдар арасында қазақ тілін орташа деңгейде үйренгендер бар. Сабаққа үзбей қатысатын оқушыларым менің көмегімсіз аударма жасай алады.
Мемлекеттік тілді білудің артықшылық тұстары қандай?
– Мемлекеттік тілді меңгерген адам басымдыққа ие болады. Телехабарларға жиі шығамын, республикалық және халықаралық конференцияларда спикер ретінде қатыстым. Түрлі байқауларда жүлделерге ие болдым. Бұл жеке даму үшін өте маңызды. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Мемлекеттік тіл барша ұлтты ұйыстырушы фактор.
Қазақ тілін қалай жылдам үйренуге болады?
– Ең бастысы, адамның ынтасы болуы керек. Тәртіп болмаған жерде нәтиже болмайды. Уақытты босқа өткізбей, тапсырмаларды мұқият орындаған жөн. Бірінші күні мәтінмен жұмыс істеуді, екінші күні қазақша ән тыңдап, не туралы орындалатынын талдау жасауды, үшінші күні қазақша жаңалықтарға сараптама жасауды тапсырамын. Үш-төрт айда орта деңгейдегі ауызекі тілді үйренуге болады.
Тіл үйренуді неден бастаған жөн?⠀
Біріншіден, кез-келген адам бірден 200 ауызекі сөйлемді жаттай алмайды. Іс жүзінде қолданылмаса жаттанды сөздер тез ұмытылады. Сол себепті сөздерді жаттап қана қоймай, сөйлем құрап үйрену керек. Грамматика-бұл қажетті аспект, онсыз оқушының сөзі сауатсыз шығуы мүмкін. Тілге деген қызығушылықты арттыру үшін қазақша әндер тыңдап, фильмдер көру керек.
Жақындарыңыздың сізге көзқарасы қалай? Қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп пе?
– Бұрын мектепте демалыста, мереке күндері тынымсыз дайындық болатын. Сондай сәттерде анам алаңсыз демалғанымды қалап, қиналатын. Қазір жақсы қабылдайды, үнемі қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Туыстарым, жақын достарым да қазақ тілін үйренгісі келеді.
Инстаграмм парақшаңызда тіл үйренудің өзгеше тәсілдерін насихаттап жүресіз. Бұл қаншалықты тиімді?
– Кез келген тілді үйрену үшін алдымен сол халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмыс-салтын білу керек. Тіл үйретуде қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихына қатысты мәліметтерді көп қолданамын. Сонда сабақтар қызықты өтеді. Халықтың салт-дәстүрінің ерекшелігін көрсеткім келеді. Қазақта ырымдар, мақал-мәтелдер көп. Оларды үйрену арқылы ойлау ұғымың кеңейеді. Қызығушылық артады. Инстаграмдағы парақшама ырымдар, салт-дәстүрге қатысты бейнероликтер түсіре бастадым.
–Көп тіл білудің пайдасы бар ма?
Жақсы жұмыс табады, жаңа адамдармен танысып, пікірлесе алады. Егер адам үш тіл білсе, төртінші-бесінші тілдерді жеңіл үйрене алады. Өйткені оның ойлау қабілеті жоғарылай береді.
Жалпы тіл үйренушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Көп адамдар тіл үйренуді бастағанымен, әрі қарай жалғастырмай, орта жолдан тастап кетеді. Мақсатқа ұмтылу керек. Тіл үйренуге ниеттенген адамның сабақ кестесі болуы тиіс.
Мемлекеттік тілдің деңгейін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
Ең бірінші телеарна, контентті қазақшалау керек деп санаймын. Қазақша орта болса тілді оңай меңгеруге болады. Әлеуметтік желілердегі ақпараттар қазақшаланса, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгеруге ұмтылады деп ойлаймын.
Хоббиіңіз қандай?
– Уақытымның көбін тіл үйренуге арнаймын. Қазір де білімімді жетілдіру жолындамын. Бизнес, психология, қазақ тілінің грамматикасына арналған кітаптар оқимын. Бос уақытымда қазақша подкасттар тыңдаймын. Сондай-ақ спортпен шұғылданамын. Музыкалық аспаптарда ойнағанды ұнатамын. Жалпы, өмірлік ұстанымым – өкінбеу, алға ұмтылу. Әр адам қайырымдылық іс жасауға ұмтылуы керек.
Болашақта қандай жоспарлар бар?
– Қазіргі уақытта Ресейдің Халықтар достығы университетінің екінші курс магистрантымын. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметте өзімді сынап көргім келеді. Болашақта тіл мектебін ашуды армандаймын.