Болашақта Қазақстанға көшіп келгім келеді – Сержан Ташкентқызы

Баян-Өлгий - Моңғолияның батысында орналасқан аудан. Осы аудан тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар. Солардың бірі - Сержан Ташкентқызы. Қандасымыз 2008 жылы туған. Ол болашақта Астанаға қоныс аударуды армандап жүргенін редакциямызға берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сержан Ташкентқызы 2008 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Ата-анасымен және екі бауырымен бірге Баян-Өлгийде тұрады. Биыл Сержан 9-сыныпты тәмамадап, 10-сыныпқа аяқ басты. Ата-анасы мұғалім. Әкесі дене шынықтырудан, ал анасы еңбекке баулудан сабақ береді.

Астанаға қашан келдің?

Астанаға келгеніме 10 күндей болды. «Отандастар қорының» шетелдегі қандастарға арнап ұйымдастырған конкурсын жеңіп, елордаға жолдама ұтып алдым. Бұл конкурстың басты мақсаты – балаларды Астанаға әкеліп, Қазақстанды көрсету, таныстыру. Бұл сайыстың басты ерекшелегі де осында, яғни конкурс шетелдегі қандастарға арналған. Оған көптеген бала қатысты. Моңғолиядан 40-қа жуық бала келеді. Бағдарлама 1 шілдеде басталады.

Шетелден келген қандас балалар уақытын Бурабайда өткізеді. 2 апта бойы табиғат аясында қызыққа толы іс-шаралар болады деп ойлаймын. Себебі бағдарламада түрлі қызықты тақырыптар қарастырылған.

Жолдаманы қалай жеңіп алдың?

Мен өлеңдерді мәнерлеп оқимын. Осы өнеріммен сайысқа қатысып, үздіктердің қатарында болдым. Осылайша жолдама жеңіп алдым.

10 күн ішінде Қазақстанды аралап үлгердің бе? Қай жер ұнады?

Жақында ғана Бурабайда болдым. Өте көрікті жер екен. Табиғаты таңғалдырмай қоймайды. Ал Астана сияқты қалалар біз жақта (Моңғолия – авт.) жоқ. Сондықтан маған ерекше әсер қалдырды. Өте заманауи, әсем қала. Шоқан Уәлихановтың туған жері Көкшетау қаласында да болдым. Жасыл қала. Ал Баян-Өлгийде Қазақстанға қарағанда таулы-тасты жерлер көп. Менің туған жерім өте әдемі, көрікті. Алайда қысы өте суық. Бірақ кім өзінің кіндік қаны тамған жерін жаман деп айтады?!

Астананың адамдары туралы не айта аласың? Саған несімен ұнады?

Астаналықтар ұнады. Барлығының көңілі ашық, тез тіл табысып кетеді екен.

Қандай арманың бар? Болашақта немен айналысқың келеді?

Болашақта заңгер болғым келеді. Заңгер маманы атану үшін Астанаға оқуға түскім келеді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуды армандап жүрмін. Осы арманыма жету үшін қазірден бастап сабағымды жақсы оқуға тырысып жүрмін.

Алдағы уақытта Қазақстанға көшіп келу жоспарыңда жоқ па?

Негізі ойымда бар. Астанаға келіп, осында тұрғым келеді. Қазақстанға көшіп келуге ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанда жақындарым өте көп. Әкем жағынан туысқандарым жетерлік.

Бос уақытыңда немен айналысасың?

Бос уақытымда кітап оқимын. Ағылшын тілін оқимын. Қазір қазақ, моңғол тілдерін білемін. Мектепте орыс және ағылшын тілдерін де оқып жүрміз.

Моңғолдар мен қазақтардың ерекшеліктері немесе ұқсастығы бар ма?

Моңғолдардың бойы қысқалау, көздері сықси келеді. Ал қазақтар ұзын бойлы.

Қазақстанға алғаш келгенде қандай да бір қиындықтар болды?

Ешқандай қиыншылық болған жоқ. Тіпті тіл жағынан да. Бірақ алғаш келгенде шеті қиыры жоқ дөңгелектің үстінде тұрғандай болдым. Ешқандай тау жоқ, өзімді құлап кететіндей сезіндім.

Моңғолиядағы қазақтар қалай өмір сүреді, олар немен айналысады?

Тұрмысымыз жақсы. Көбі мал шаруашылығымен айналысады. Моңғолдың да, қазақтың да ортақ ісі – осы мал шаруашылығы. Мұғалімдер де бар. Сондай-ақ басқа түрлі салаларда да қызмет етеді. Яғни егер адамның білімі болса, кез келген жерге жұмысқа кіруге мүмкіндік бар.

Баян-Өлгий мектептері қалай білім береді?

Баян-Өлгийде 1-сыныптан 5-сыныпқа дейінгі оқулықтар қазақ тілінде болады. Кейін 6-сыныптан 12-сыныпқа дейін моңғолша болады. Елімізде 12-сыныптық оқу жүйесі. 5-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытыла бастаса, 7-сыныптан бастап орыс тілі қосылады. Орыс және ағылшын тілдерін білемін, бірақ адамдармен сөйлескенде сөздік қорым жетіспейді, көбірек тәжірибе алмасу керек.

Қанша жасыңнан өлең оқи бастадың? Кімнің өлеңдерін сүйсіне оқисың?

Жалпы 4 жасымнан бастап өлең оқи бастадым. Мұхтар Шахановтың өлеңдері жаныма жақын. Жарысқа қатысатын кезде бізге алдын ала тақырып беріледі. Соған қарай ақындардың өлеңдерін таңдаймыз. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин және т.б. көп.

Сержан, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңе рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағат
Өзгелердің жаңалығы