«Болашақ» түлектерінің еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады
«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы»-ның төрағасы хабарлады, деп жазды BAQ.KZ.
Әнуар Жанғозиннің айтуынша, стипендиатқа университет, демеуші не жұмыс беруші қосымша қаржы бөлген жағдайда оның қызметтегі өтеу мерзімі қысқармақ. Болашақ бағдарламасы стипендиаттың сапар ақысын, визалық төлемдерін, медициналық сақтандыру, ай сайынғы стипендиясы мен оқулыққа бөлінетін қаражатын өз мойнына алады. Сонымен қатар, медицина, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, шет тілін жетік меңгермеген медицина мамандары бір жылға тілдік курсқа жіберіледі. Сондай-ақ инженерлік-техникалық сала мамандарының оқуға түсуіне жағдай жасалды.
Бұл техникалық мамандыққа құжат тапсырғанда университеттен шақырту ұсыну міндетті болмайды. Осы санаттағы енді мамандарға қойылатын талап ол Қазтест бойынша В1 деңгейін дәлелдейтін сертификат болу керек. Екіншіден, шет тілі бойынша кемінде орташа деңгейі барын дәлелдейтін халықаралық сертификаттың бар болуы және үшіншіден дипломы бойынша орташа балы, яғни GPA 4-тен кемінде 3 болуы қажет, – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Әнуар Жанғозин.