"Болашақ" түлектері қандай жағдайда қарызын өтемейді?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "Болашақ" бағдарламасына енгізілген жаңа ережені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен брифингте журналист министрге "Бұған дейін министрлік "Болашақ" стипендиясын алу ережесіне өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Атап айтқанда, шетелде оқуын аяқтап келген түлектерге елдегі оқу қарызын өтемей-ақ, шетелде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. 

Бұл ереже "Ашық құқықтық актілер" порталында жарияланғанын білеміз. Қазір осы ұсыныстың статусы қандай? Нақтылап айтқанда кімдер және қандай жұмысқа орналасқан кезде мемлекет алдындағы қарызы есептелмейді?" деп сұрақ қойды.

Нақты айтуымыз керек, 5 жылдық еңбек өтілін бәрі өтейді. Ережеге бір ғана өзгеріс енгізілді. Бұл Сыртқы істер министрлігінің өтініші болды. Кейбір "Болашақ" бағдарламасының түлектерін еліміз мүше болған халықаралық ұйым жұмысқа шақырса, онда оның 5 жылдық борышы сол жақта есептеледі деп шешім қабылданды. Мәселен, Болашақ түлегі Вашингтонда оқуын бітіріп, тағылымдамадан Әлем банкінен (World Bank) өтті. Ол банк гранттық бағдарламаға көп көмектеседі. Түлекті сол жаққа жұмысқа шақырса, ол бізге өтініш жазады. Яғни мұндай себептерді ескере отырып, Сыртқы істер министрлігі мақұлдаса, біздің ережеге сәйкес рұқсат етуге мүмкіндігіміз бар. Сонда түлектің 5 жылдың жұмысы шетелде есептеледі. Тек осы бағытта өзгеріс болды, басқа өзгеріс жоқ, - деп түсіндірді министр.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы