«Болашақ» түлегі: Ауылды таңдағаныма өкінбеймін

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондонның Корольдік колледжінде білім алған Гүлмира Қаппасова  Целиноград ауданындағы Тайтөбе ауылында ағылшын тілінен сабақ беріп жүр.

Гүлмира Қаппасова Павлодар облысының Май ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен Еуразия инновациялық университетіне оқуға түсіп, «Лингвистика, орыс, ағылшын тілдері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі жыл туған ауылында, кейін Ақсу қаласының мектебінде жұмыс істейді. 

2014 жылы Тұңғыш Президенттің «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, Англияға оқуға аттандым. Келесі тілдік курстарды Лондон университетінде жалғастырдым. Кейін Лондон корольдік колледжінің магистратурасында білім алдым. Бала кезімнен шет тілдерін үйренуді армандайтынмын. Мектепте дұрыс бағыт-бағдар берген Надежда Литвинова және Ольга Штраус есімді ұстаздарыма деген алғысым шексіз, – дейді Гүлмира Қаппасова.

Оның пікірінше, барлық балалар жан-жақты, сапалы білім алуға құқылы.

Осындай курстарға ағылшын тілі оқытушыларын жіберу өте маңызды деп ойлаймын. Шәкіртақының арқасында маған педагог-зерттеуші санатын алу мүмкіндігі берілді. Бұл жалақыға айтарлықтай артықшылық береді. Оқуды аяқтағаннан кейін шетелде жұмыс істеуге, әрине, құнды тәжірибе алуға мүмкіндік болды. Бірақ мен туған еліме қызмет етуді әуелден мақсат еттім. Зияткерлік мектептерге шақырту алсам да, өз мақсатымнан айнымадым. Мен барлық балалардың білім алуға тең құқылы екеніне сенімдімін. Бұл тақырыпта ғылыми жұмыс қорғадым. Мен үшін ауыл оқушыларының да мықты оқытушылардан білім алу мүмкіндігіне ие болуы маңызды. Зияткерлік мектептерде бұл проблема жоқ. Сонымен қатар, олар өз бетінше жұмыс істей алады, ақпарат ала алады, оны талдай алады, сыни ойлау қабілетіне ие. Менің мақсатым – ауыл балаларына осыны үйрету, – деп түсіндірді педагог.

Оның  айтуынша, Англияда мұғалімнің қызметі жоғары бағаланады.

Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ, бізде сабаққа дайындалуға жұмсалатын қосымша сағаттарға жалақы төленбейді. Яғни, біз тек сабақ беретін сағаттарға сенеміз. Көптеген дамыған елдердің мектептерінде дайындыққа бір-екі нақты сағат қосылады. Менің ойымша, бұл әділ, – дейді ұстаз.

Оның пайымынша, елімізде қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңда міндеттермен қатар, материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу, әлеуметтік кепілдіктер құқығы көзделген. 

Біздегі «Болашақ» бағдарламасы педагог-зерттеуші санатын алуға және өмірге батыл жоспарлар құруға мүмкіндік берді. Ауыл мектебінде қолыма 450 мың теңге жалақы аламын. Шындығында, мұғалімдердің жалақысы әртүрлі, ол еңбек өтіліне, санатына байланысты өзгеріп отырады. Еңбегіне қарай лайықты жалақы алады, – деп түсіндірді педагог.

«Болашақ» түлегі ауыл мұғалімі ретінде берілетін тұрғын үй көмегінен өз еркімен бас тартқан. Өйткені пәтер мәселесі туындамаған.

Тайтөбе ауылында осымен төртінші жыл жұмыс істеп жатқан ол 2-ші және 8-11 сыныптарда ағылшын тілінен сабақ береді. Гүлмира Қанатқызы ауыл балаларын оқытуды таңдағанына өкінбейтінін айтады. 

Ауылды таңдағаныма өкінбеймін. Бұл жерде өзімді өте қажет жан ретінде сезінемін. Ауылда тұрғындар аз, барлығы бір-бірін жақсы таниды. Оқушылардың жаңа мұғалімнің қабылдауы өте өзгеше. Қалалық мектептерде мұғалімдер өз оқушылары туралы аз біледі, ауылдық мектептерде керісінше. Мұнда үлкендер мен балалар арасындағы қарым-қатынастың өзіндік үлгісі қалыптасқан. Ауыл тұрғындары мейірімді, ақкөңіл, жанашыр, ұйымшыл. Бірақ мені олардың болашағына деген сенімсіздігі мазалайды. «Ауылда өскендердің жетістікке жетуі екіталай» деген пікір қалыптасқан. Мұғалімнің міндеті – оқушыға білімді пайдалануды үйрету. Ғылым әлемі өзгеріп отырады. Сондықтан үздіксіз оқыту теориясы –табысқа қол жеткізгісі келетін әрбір адам үшін қағидатқа айналуы тиіс, – дейді педагог.

Оның айтуынша, тіл үйрету үшін сабақтар санын көбейту керек.

Бастауыш мектепте ағылшын тілін үйренуге аптасына екі сағат, орта және жоғары буындарда үш сағат бөлінеді. Оқушы тіл үйреніп, оны меңгеру үшін бұл жеткіліксіз. Тапсырмалар да көп деңгейлі, әрқайсысын жеке-жеке талдау маңызды. Бүгінде интеграция бойынша сәтті жобалар бар. Мысалы, физика, химия немесе биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Ол үшін пән мұғалімдері арнайы тілдік курстардан өтеді. Тайтөбе ауылында өткен жылы биология шет тілінде оқытылды. Өкінішке орай, пән мұғалімі көп тұрақтамады. Әрине, әлі де көп жұмыс істеу керек, бірақ алғашқы қадам жасалды. Жалпы, жаңа бағдарламаларды мектепке енгізбес бұрын олардың қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін, қалай қабылданатынын мұқият талдау керек. Оның сәтті жүзеге асуына көптеген факторлар әсер етеді, – дейді педагог.

Болашақта оқуын шетелде жалғастыруды жоспарлап отырған ол жоғары кәсіби деңгейге үздіксіз білім алу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтады. 

Білім беруде жаңа іс-тәжірибелермен бөлісіп отырған жөн деп санаймын. Ауылдық мектептерде балалардың деңгейі әр түрлі екені ешкімге құпия емес. Кейбіріне бағыт-бағдар беру жеткілікті, ал енді бірі айрықша назар аудару мен қолдауды қажет етеді. Әрбір еңбектенген оқушыны жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін. Өйткені өзім де ауылда туып-өстім. Англияның үздік жоғары оқу орнында білім алу үшін көп еңбектендім, – деп түйіндеді Гүлмира Қанатқызы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы