«Болашақ» стипендиаты АҚШ-та балаларға қазақ тілін үйретеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Әсел Әбілдаева Лос-Анджелес қаласындағы Оңтүстік Калифорния университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, бос уақытында Qazaq Community California аясында балаларға Қазақстан тарихы мен қазақ тілін үйретеді. 

Халықаралық бағдарламалар орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әсел балаларға арналған оқу бағдарламасын әзірледі. Ол өзінің сабақтарында геймификация элементтерін белсенді қолдана отырып,  қазақ тілін  жеңіл әрі қызықты етіп үйретіп жүр.   

Менің ойымша, шетелде тұратын отандастарым, әсіресе балалар ана тілін, мәдениетін, халқының тарихын білуі керек. Балалар қазақ тілін, еліміздің тарихын қуана оқиды. Мен оларға ұлы бабаларымыз, хандарымыз, батырларымыз туралы әңгімелеймін және  қазақ жазушыларының, ақындарының, ғалымдарының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстырып отырамын. Көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ғалым-реформатор, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында балалармен бірге таныстырылым өткізіп, ұлт ұстазының Қазақстан тарихындағы орны туралы әңгімелестік, – дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Әсел Әбілдаева.

Қазір Әсел 7-12 жас аралығындағы 40-қа жуық баланы оқытып жүр. Балалар аз ғана уақыттың ішінде ана тілінде  сөйлеу мен жазуды меңгеріп үлгерді. Балалар ана тілінде бір-бірімен пікірлесіп, өз ойын жеткізе алады.

Лос-Анджелес қаласында тұратын қазақ балалары ұлттық салт-дәстүрге, тарихи отанына қатысты барлық ақпаратқа қызығушылық танытады. Мен олардың барлық сұрақтарына жауап беріп, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын одан әрі арттыруға тырысамын, - дейді Әсел.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы