«Болашақ» стипендиаттары мен шетелде білім алып жүрген студенттер Республика күнімен құттықтады
Тәуелсіздік қазақстандық жастарға әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Шетелде білім алып жүрген отандастарымыз Республика күніне орай құттықтау жолдап, ел болашағына қатысты ойларымен бөлісті.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды тарихи құжат. Бүгінде Республика күні елдің егемендігін, ұлттық бірлік пен болашаққа деген сенімді білдіретін мереке ретінде аталып өтеді.
Осы мерекеге орай шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастар да өз құттықтауларын жолдады. Олар әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларында тәуелсіздіктің маңызына тоқталып, ел дамуына үлес қосу әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
АҚШ-тағы Калифорния университетінің магистрі Айман Бауыржанқызы тәуелсіздік ұғымын жастардың мүмкіндіктерімен байланыстырады. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтар әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, тәжірибе жинай алады. Кезінде қол жетпестей көрінген армандар қазір шынайы мүмкіндікке айналып отыр.
Тәуелсіздік – тек өткеніміздің жетістігі емес, бүгінгі таңдауымыз бен ертеңгі жауапкершілігіміз, – деп жазды ол.
Ал Гарвард университетінде қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген Алуа Ерлан қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Гарвард Кеннеди мектебінде білім алып жүрген қазақстандық студенттер мен «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері атынан айтылған құттықтауда елдің тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтуға, Қазақстанның дамуына үлес қосуға үндеген тілек білдірілді.
Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! Көпшілігіміз әрдайым ел игілігі жолында қызмет етіп, Қазақстанның дамуына үлес қоса берейік, – делінген құттықтауда.
Челленджге қатысушылар тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтар үшін білім алуға, кәсіби дамуға және халықаралық ынтымақтастыққа жол ашылғанын да атап өтті.
Шетелде білім алып жүрген жастардың бұл үндеулері Республика күнінің мәнін айқындай түседі. Тәуелсіздік оларға білім мен тәжірибе жинауға мүмкіндік берсе, сол мүмкіндікті ел игілігіне жарату – ортақ міндет.