Бүгiн 2026, 07:10 Фото: Ақорда

"Болашақ" бағдарламасы аясында атом энергетикасы мамандары даярланады

Біліктілігі жоғары кадрларды даярлау отандық атом өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болып саналады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды  BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқосу барысында халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар конкурстарының тізімі қаралды, енді олардың жеңімпаздары «бакалавриат» бағыты бойынша «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады.

Тізімге математика, физика, химия, биология және басқа да жалпы білім пәндері бойынша беделді халықаралық олимпиадаларды қосу ұсынылды. Соңғы үш жылда 76 қазақстандық оқушы осы олимпиадаларда жүлдегер атанған.

Сонымен қатар, бағдарламаға жаңадан қосылған «атом саласы қызметкерлері» категориясы бойынша конкурстық іріктеуге қатысушыларға қойылатын талаптар мен өлшемшарттар талқыланды. Біліктілігі жоғары кадрларды даярлау отандық атом өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болып саналады.

Жиын соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығына «Болашақ» бағдарламасы аясындағы конкурсты ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді.