«Болашақ» стипендиясына 1 мыңнан астам өтініш түсті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына құжаттарды қабылдау жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 1000-нан астам өтініш берілді. 

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарлады.
 

Естеріңізге сала кетейік, құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталып, 2021 жылдың 28 қазанына дейін жалғасады. Стипендиялар маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. Екінші тағайындауға 250, үшінші тағайындауға 205 стипендия беріледі.

Жалпы 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. 500 стипендия «ғалымдар» санаты бойынша беріледі. Естеріңізге сала кетейік, бұл санат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу үшін енгізілген еді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға қажетті құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылған және eGov.kz. порталы арқылы жүзеге асырылады.

Жеке кабинетте үміткерге бірегей код беріледі. Сол кодты ол конкурстық іріктеу кезінде пайдаланады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Іріктеу кезеңдеріне кешенді тест, Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау кіреді, - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова. 

Айта кетейік, 2021 жылы стипендиаттар 80 мамандық бойынша академиялық оқуға барып, 137 мамандық бойынша тағылымдамадан өтеді. Тізімге «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты өзекті мамандықтар енді.

Биыл басым мамандықтар «инновациялар және жаңа технологиялар», «индустриялық инженерия», «жаратылыстану ғылымдары», «әлеуметтік ғылымдар», «білім беру», «медицина» және «креативті индустрия» сияқты бағыттар бойынша бөлінген.

Сондай-ақ осы жылы басым мамандықтар тізбесінде «инновациялар және жаңа технологиялар» жаңа бағыты пайда болды. Бұл бағыт инновациялық мамандықтардың басын біріктіреді әрі замануи саланың өмірге келуіне ықпал етеді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы