«Болашақ» бағдарламасы түлектері қалай іріктеледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова «Болашақ» бағдарламасы үміткерлеріне қойылатын талаптарға тоқталды.
«Болашақ» бағдарламасының жаңа іріктеу жүйесіне сәйкес 2020 жылдан бері оңтайландыру жүйесі жүріп жатыр. Жаңалықтардың ең бастысы – бұл құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу барысының толығымен автоматтандырылуы.
4 мамырдан бастап үміткерлер өз құжаттарын талаптарға сәйкес Электрондық үкімет порталы арқылы тапсырады және құжаттары талаптарға сәйкестігі расталған үміткерлер конкурстық іріктеуге жолдама алады. Жолдама алғаннан кейін арнайы конкурстық іріктеуге жасақталған порталда жеке кабинетіне кілт алып, ол жерде әрбір үміткер жеке деректерін көрсетпей, жеке идентификациялық кодпен барлық конкурстық іріктеу кезеңінен өтеді, - деп айтты ол.
Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды.
Ол кезеңдер:
1) Іріктеу турлары кешенді тестілеу;
2) Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу
3) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдері.
Бірінші кезеңнің жаңашылдығы – толығымен кешенді тестілеу онлайн порталда өтеді. Сондай-ақ мазмұндық тұрғыдан бұрынғыдай пәндік сұрақтардан тұрмайды. 2020 жылдан бастап үміткерлерге қойылатын басты талап – басым мамандық тізіміне кірген мамандық бойынша ЖОО тізіміне кірген университетке өз бетімен түскен үміткер болуы талабы болғандықтан, енді кешенді тестілеуде пәндік сұрақтар болмайды, - деп түсіндерді Айнұр Кәрібозова.
Оның сөзінше, енді кешендік тестілеуде вербалдық, сандық және психологиялық тұрақтылығын, жағдайларын айқындайтын 3 бөлімнен тұрады. Тестілеудің барысы аудио, видео фиксациясынан өтеді.
Қандай да бір басқа қосымша ақпарат көзінен жауапты іздеу амалын жасаған үміткерлерге anti cheating бағдарламасы орнатылған. Сол арқылы конкурстық іріктеудің барысы толығымен автоматтандырылып, оның ашықтығы және автоматты түрде берілетін жауаптың әділдігіне қол жеткізіледі. Бұл кезеңді өткен үміткерлер тәуелсіз сараптама комиссиясының жеке сұхбатына шақырылады. Әр үміткер онлайн порталда жеке кабинетінде өзіне ыңғайлы уақытты, күнді таңдап, онлайн сұхбатқа тіркеледі, - дейді «Болашақ» басшысы.
Сонымен қатар қойылатын сұрақтар қатаң регламенттелген. Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерінің іріктеуіне де талаптар күшейтілген. 2020 жылдан бастап комиссияның құрамына 3-тен 5 мүшеге дейін көбейтілді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға бөлінген стипендия мөлшері анықталды.