Бокстан Ұлттық ұлан қаһарманын еске алу турнирі ашылды

Жаңаарқа ауданының орталығында бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қаһарманы қатардағы жауынгер Айбат Амановты еске алуға арналған Ұлытау облысының ашық турнирінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш спорттық шараға облыстан бөлек, еліміздің әр өңірінен бірнеше команда қатысуда.

Айбат әскерге дейін спортты жақсы көретін. Қолдан спорттық құрылғыларды жасап үйде жаттығатын. Ауыл балаларымен бірге бокспен шұғылданатын. «Акула» деген лақап аты да болатын. Ұлымды ұмытпай, осы турнирге келген Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне рахмет. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз,-дейді батырдың әкесі Ербол Аманұлы.

Батырдың анасы Гүлнәз Әлкенқызыда өзінің естеліктерімен бөлісті.

 Айбат үйдегілерді ас бөлмеге кіргізіп, өзі қонақ залында дене шынығуын түсіретін. «Ол кезде кіре алмайсың. Видеокамера алдында, кейін түсіріп болған соң, қолын тартып бұлшық етінің қатты екенімен мақтанатын «Міне анашым, ұстап көріңізші» ,- деп еске түсірді.

Еске салып өту керек, Айбат Аманов Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеді. Қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарылығымен Айбат Ерболұлы Аманов ІІІ -ші дәрежерлі «Айбын» орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы