Бокстан Азия чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

Қазақстан құрамасы Шри-Ланкада өткен 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатынан елге оралды. Алматы халықаралық әуежайында спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары сән-салтанатпен қарсы алды. Команданың құрамында спортшылармен бірге жаттықтырушылар мен Қазақстан Бокс федерациясының өкілдері де келді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz арнасына сілтеме жасап.

Турнир қорытындысы бойынша ұлттық құрама бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді: Қазақстан боксшылары 41 алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекорд орнатты. Оның ішінде 22 медальді жасөспірімдер, ал қалған 19 алтынды 22 жасқа дейінгі спортшылар иеленді. Бұл – жастар боксындағы аса ірі жетістік.

Бұл турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы да тарихи жетістікке қол жеткізді. Финалдық кезеңде жерлестеріміз 12 салмақ дәрежесінің барлығында алтын жүлде жеңіп алды.

52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Рахмина Абдумежитова Таиланд спортшысын 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Ал 70 келіге дейінгі санатта жұдырықтасқан Мария Сидоренко вьетнамдық қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.

Шетелдік спорт сарапшылары Қазақстан құрамасының Азия құрлығындағы үздіктер қатарында екенін атап өтті. Жаттықтырушылардың айтуынша, бокске бейімі бар жастар саны жылдан жылға артып келеді. Енді ұлттық құрама әлемдік турнирлер мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақстан Бокс федерациясы
Өзгелердің жаңалығы