Боксшы Махмұд Сабырхан мен Асланбек Шымбергеновке пәтер берілді
Бокстан әлем чемпионы атанған Махмұд Сабырханға Шымкенттен 2 бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен оның жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдады.
Сондай-ақ Жамбыл жұртшылығы да Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегер Дулат Бекбауовты Тараздың шығыс қақпасынан сән-салтанатпен күтіп алды.
Өзбекстандағы әлем біріншілігінде өнер көрсеткен жамбылдық екі боксшы: Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов – алтын, Дулат Бекбауов күміс медаль жеңіп алған болатын.
Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қос боксшыны жеңіспен құттықтап, жерлестерінің атынан марапаттады.
Салтанатты шарада әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Ал жеңімпаздың жеке бапкері, жоғары санатты жаттықтырушы Ермек Ертаевқа 5 миллион теңгенің сертификаты берілді.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болса, жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Ташкентте өткен дүбірлі додада Ұлттық құрама спортшылары 4 алтын, 1 күміс медаль алған болатын.