25 Тамыз 2026, 15:58 Фото: Алматы әкімдігінен

Бокс, жүзу, хоккей: Алматыда балалар ондаған спорт түрімен тегін айналыса алады

Баланы спорт мектебіне қалай жазуға болады? Қандай құжаттар қажет? Толығырақ материалда.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласының Спорт басқармасына қарасты спорт мектептері балаларды тегін секцияларға қабылдауды жалғастырып жатыр. Мұнда жасөспірімдер тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен спорттың түрлі түрімен айналысып, өз қабілеттерін шыңдай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаладағы спорт мектептерінде жеңіл және ауыр атлетика, бокс, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, таэквондо, каратэ, жүзу, гимнастика, велоспорт, ескек есу, семсерлесу, шаңғы спорты, биатлон, хоккей, баскетбол, волейбол, шахмат және басқа да бағыттар бойынша дайындық жүргізіледі.

Баланы спорт мектебіне қалай жазуға болады?

Алдымен баланың жасына және қызығушылығына сәйкес спорт түрін таңдау қажет. Кейін сол бағыт бойынша жаттығу өткізетін спорт мектебін тауып, қабылдау талаптары мен іріктеу мерзімдерін нақтылаған жөн. Қажетті құжаттарды дайындап тапсырғаннан кейін бала іріктеуден өтеді. Сынақтан сәтті өткен жағдайда жаттығуларға қатыса алады.

Қабылдау кезінде баланың жасы, жалпы дене дайындығы және таңдаған спорт түріне бейімділігі ескеріледі.

Қажетті құжаттар тізімі:

  • спортпен айналысуға рұқсат берілгені туралы медициналық анықтама;

  • баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;

  • баланың ЖСН-і;

  • ата-анасының бірінің жеке куәлігі көшірмесі;

  • 3×4 көлеміндегі екі фотосурет;

  • медициналық құжаттар (063/у және 026/у нысандары);

  • спорттық жетістіктері немесе разряды болса, оны растайтын құжаттардың көшірмелері.

Құжаттар тізімі мен қабылдау талаптары спорт түріне және нақты спорт мектебіне байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан ақпаратты алдын ала тиісті мекемеден нақтылап алған дұрыс.

Алматыда олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Онда ауыр атлетика, жүзу, күрес түрлері, дзюдо, таэквондо, шахмат, бокс, хоккей, көркем гимнастика, бадминтон, спорттық гимнастика, семсерлесу, заманауи бессайыс, триатлон және басқа да көптеген спорт түрлері бойынша тегін дайындықтан өтуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Алматы» спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, футбол, пауэрлифтинг, садақ ату, волейбол, дзюдо, таэквондо және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар ұйымдастырылады.

Ұлттық және ат спорты түрлерінің клубында қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйге, құсбегілік және дәстүрлі садақ ату секциялары бар.

Ал олимпиадалық емес және бұқаралық спорт түрлері клубында кикбоксинг, самбо, грэпплинг, муай-тай, ММА, альпинизм, спорттық туризм, армрестлинг және басқа да бағыттар бойынша жаттығулар өткізіледі.