Бокс: Азия чемпионатының финалында бес қазақ боксшысы жұдырықтасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасының бес өкілі финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Қазақстаннан 6 боксшы өнер көрсеткен. Олардың арасында 52 келідегі Сәкен Бибосынов ғана үндістандық Пангал Амитке есе жіберді. Қалған 5 боксшы қарсыластарынан басым түсіп, шешуші кезеңге жолдама алды. Енді олардың төртеуі өзбек боксшысымен, біреуі үндістандықпен кездеседі.
Ең жеңіл салмақтағы Даниял Сәбит ересектер арасындағы Азия чемпионатының финалына алғаш рет шығып отыр. 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов бұған дейін 2017 жылы шешуші кезеңде өзбекстандық Гиясовтан жеңілген. Осы жолы тағы бір өзбек боксшысымен жолығады.
75 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Филиппин боксшысы Феликс Марсиал жартылай финалда жеңіліс тапты. Сондықтан Әбілхан Аманқұлға есе қайтаратын мүмкіндік болмайды. Есесіне, өзбекстандық Саиджамит Жафаровпен чемпиондықты сарапқа салады.
Үш дүркін Азия чемпионы Василий Левит тағы бір мәрте құрлық біріншілігінде топ жаруды көздейді. Ол үшін финалда үндістандық Санжеттен айласын асыруы тиіс.
Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевты өзінің байырғы қарсыласы Баходир Жалолов күтіп тұр. Екеуі бұған дейін 6 рет кездескен. Әзірге есеп тең. Осы жолы жеңгені алға шығады.
49 келі: Даниял Сәбит - Нодиржан Мырзахметов (Өзбекстан);
69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Бобо-Усмон Батуров (Өзбекстан);
75 келі: Әбілхан Аманқұл - Саиджамит Жафаров (Өзбекстан);
91 келі: Василий Левит - Санжет (Үндістан)
+91: Қамшыбек Қоңқабаев - Баходир Жалолов (Өзбекстан);