«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құрудың мақсаты қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев «Бөкейорда» табиғи резерватын құру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіндіріп берді. 

Қазақстан аумағында киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт киіктері сияқты әлемдік популяциясының 95 %-дан астамы мекендейді. 

Бүгінгі таңда киіктердің оралдық популяциясының саны Қазақстандағы барлық киіктің 65%-ын құрайды. Сонымен бірге Орал киіктері санының өсуі және олардың көші-қонының белгілі бір шекараларының болмауы жергілікті мал үшін жайылымдардың жетіспеуі сынды проблемаларға алып келеді. Сонымен қатар бір жайылым мен суару көздерін пайдалану жергілікті малдың дала киігінің ауруларын жұқтыру қауіпін тудырады. 

Осыған байланысты бірегей дала ландшафтарын және Орал киіктерінің популяциясы мекендейтін жерлерді, мемлекеттік табиғи қаумалдарды сақтау үшін Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру жөнінде бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. 

- Қазір «Бөкейорда» табиғи резерватын құру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? 

- Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық маңызы бар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Бұл Жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, ҚР Үкіметіне енгізілді. 

- Бұл жұмыстар қашан аяқталады? «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты қашан ашылады деп жоспарланып отыр? 

- Жоба 2022 жылғы екінші жартыжылдықтан бастап күшіне енеді деп көзделген, сәйкесінше Жоба қабылданғаннан кейін «Бөкейорда» резерваты 1 шілдеден бастап жұмысын бастайды деп жоспарланған. 

- Киіктердің «Орал» популяциясын реттеу үшін Бөкейорда резерватының маңызы қандай? 

- Өсімдіктер мен жануарлардың бірқатар сирек кездесетін және эндемиялық түрлерінің, оның ішінде киіктердің Орал популяциясының мекендеу орны ретінде дала экожүйелерін сақтау, сондай-ақ бүкіл өңірдің биоәртүрлілігін тұтас сақтау үшін «Бөкейорда» резерватының маңызы зор. 

- Қазір Бөкейорда резерватын құру бойынша жоспарланған аумақта киіктер бар ма? Оларды жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?

 - Қазіргі таңда «Бөкейорда» резерваты аумағында 150 мыңға жуық киік мекен етіп жүр. Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп киіктер мекендейтін жерлерде суатты ұйымдастыру, сондай-ақ БҚО Казталов ауданының Мешеркол және Қызыл құрт елді мекендерінің аумағында терең су ұңғымаларын бұрғылау мүмкіндігін айқындау бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жер асты суының дебетін және оның суаруға жарамдылығын зерттеу үшін әр учаскеде 5 ұңғыма бұрғыланды. 

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы