Boeing апат құрбандарының отбасыларына 100 млн доллар төлейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өтемақыны Индонезия мен Эфиопияда 737 Max ұшақтарының апатқа ұшырауы кезінде қаза тапқандардың туыстары алады, деп хабарлады korrespondent.net.
Америкалық Boeing авиаконцерні Эфиопия мен Индонезиядағы 737 MAX модельді екі лайнердің әуе апатының құрбандарының отбасына және жақындарына 100 миллион доллар бөлінетіні туралы хабарлады. Бұл туралы компанияның мәлімдемесінде айтылған.
Ақшаның бір бөлігі білім беруге, тұрмыстық және баспана қажеттілігін өтеуге жұмсалады. Сондай-ақ қаражат қоғамдық бағдарламаларды қолдауға және әуе апаттарынан зардап шеккен коммуналардың экономикалық дамуына бөлінеді. Ақша бірнеше жыл ішінде біртіндеп беріліп отырады.
"Біз бортта болған адамдардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз және осы алғашқы қадам оларға шамалы болса да тыныштық табуға көмектеседі деген үміттеміз", − деп мәлімдеді әуе құрылысы концернінің басшысы Деннис Меленберг.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 10 наурызында Эфиопияда Ethiopian Airlines авиакомпаниясының Boeing 737 MAX 8 ұшағы апатқа ұшырап, 157 адам қаза тапқан еді. Ал 2018 жылдың 29 қазанында осындай модельді ұшақтың апаты салдарынан Индонезияда 189 адам көз жұмған болатын.
Осы қайғылы оқиғалардан кейін көптеген елдер ұшақтың бұл түрін шығаруды тоқтатқан.