30 Шілде 2026, 13:29 Фото: pexels.com

BMW дағдарысқа тап болды: Компанияның пайдасы 35%-ға құлдырады

Қытай нарығындағы қиындық пен шығындардың артуы әлемдік автогигантқа ауыр соққы болды. Компания енді қандай қадамға барады?

Германияның BMW автоконцернінің 2026 жылдың екінші тоқсанындағы таза пайдасы Қытайдағы сатылымның төмендеуі мен өндірістік шығындардың артуына байланысты күрт қысқарды. Бұл туралы dpa-international агенттігі хабарлады.

Компанияның бейсенбі күні жариялаған қаржылық есебіне сәйкес, таза пайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға азайып, 1,2 млрд еуроны (1,4 млрд АҚШ доллары) құрады. Ал түсім 34 млрд еуродан 31 млрд еуроға дейін төмендеген.

Бұл көрсеткіштер BMW әлем бойынша 8 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат жарияланғаннан кейін белгілі болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл компанияның шығындарды азайтуға мәжбүр болып отырғанын көрсетеді.

Әсіресе автомобиль өндіретін негізгі бөлімшенің қаржылық нәтижелері айтарлықтай нашарлаған. Мұнда пайыздар мен салықтарды шегергенге дейінгі пайда (EBIT) 60%-дан астамға қысқарып, небәрі 629 млн еуроны құрады.

Соның нәтижесінде BMW осы тоқсанда автомобиль шығарудан гөрі қаржылық қызмет көрсету бизнесінен көбірек табыс тапқан.

Компанияға ең үлкен соққы Қытай нарығынан тиді. Әлемдегі ең ірі автомобиль нарығында бәсекелестіктің күшеюі салдарынан BMW-дің екінші тоқсандағы сатылымы шамамен үштен біріне азайған.

Тағы оқи отырыңыз: Швецияның ЖІӨ 1,4%-ға өсті: Бұл соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш