Bloomberg: ЕО Қытай тауарларына жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр
Агенттік мәліметінше, тиісті шаралар 2027 жылдың бірінші тоқсанында ұсынылуы мүмкін.
Еуропалық одақ Қытайдан химия өнеркәсібі, жиһаз өндірісі және машина жасау салаларына жеткізілетін тауарларға импорттық шектеулер немесе қосымша баждар енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, тиісті шаралар 2027 жылдың бірінші тоқсанында ұсынылуы мүмкін.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропаның өнеркәсіп салалары қосымша қорғау шараларын талап еткенін айтып, билік бұл өтініштерге жауап беретінін мәлімдеді.
Жаңа шектеулердің мақсаты – Қытайдан келетін импорт көлемінің күрт өсуіне байланысты еуропалық өндірушілерді қорғау және сауда тапшылығын азайту. Bloomberg деректеріне сәйкес, ЕО-ның Қытаймен сауда тапшылығы өткен жылы 360 млрд еуроға жеткен.
Қарастырылып отырған шаралар белгілі бір тауар түрлеріне импорттық квоталар енгізуді немесе белгіленген көлемнен асатын жеткізілімдерге қосымша баж салуды қамтуы мүмкін. Дереккөздердің айтуынша, жаңа тетіктер Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне сәйкес әзірленуі тиіс.
Қытайдың Сауда министрлігі бұған жауап ретінде Еуроодақтың қысым арқылы өз мақсатына жете алмайтынын мәлімдеп, Бейжіңнің ұлттық мүдделерін қорғауға дайын екенін ескертті.