Қарағандылық еріктілер қан тапсырды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Волонтер жылының аясында қарағандылық еріктілер "Өмір тамшысы" атты қан тапсыру акциясын ұйымдастырды. Шараған 40-қа жуық ерікті қатысты.

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы және "Жас Отан" жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен "Өмір тамшысы" атты қан тапсыру акциясына облыстың белсенді волонтерлері, адам өміріне бейжай қарамайтын жандар қатысты.

Шараның мақсаты - белсенді жастарды волонтерлікке, қоғамдық істі бірлесіп атқаруға тарту. Өзгеге көмек қолын созған әрбір тұлғаның азаматтық позициясын қалыптастыруда, адамдарды шексіз мейірімділікке, қоғамға деген көмекке, басқаларға қамқор болуға баулуда осындай шаралардың маңызы зор. Сонымен қатар, қан тапсыру – адамның денсаулығына өте пайдалы екендігін акцияға қатысуға ниеттілерге айтқымыз келеді, - дейді акцияны ұйымдастырушы Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының маманы Жайнагүл Дамысхан.

Ұйымдастырушылар акцияны қолдап келген барша мейірімді адамдарға алғыстарын білдірді. Олардың ойынша, қан тапсыру акциясы сан мыңдаған науқастардың ауруынан айығуына себепкер болады.

Осы акция жайлы естіп, біз де өз үлесімізді қосуға келдік. Мен бүгін өзгенің өмірін сақтап қалу мақсатында қан тапсыру орталығына бірінші рет келіп тұрмын. Қан тапсыруға келген жанашыр жандардың көп болғандығы қуантады. Бұл мейірімді жандардың барлығы осы шараға кішкентай ғана үлесін тигізсем деп келді. Әркімнің қолынан осындай игілікті іс жасау келеді деп ойлаймын. Өйткені адамдарға деген сенім осындай бірлескен қайрымдылық шаралардан басталады, - дейді Қарағанды экономикалық университетінің студенті, волонтері Айя Арзакулова.

"Өмір тамшысы" акциясы келесі дүйсенбіге дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы