Блок-бекеттегі апат: Мас жүргізуші бұрын құқық қорғау органында істеген
Алматы, BAQ.KZ. BMW маркалы автокөлікті жүргізген 1994 жылы туған азаматтың бұрын құқық қорғау органдарымен байланысы болған. Бұл туралы Алматы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Алайда ол өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жұмыстан шығарылған.Бақылау-өткізу пунктінде болған қайғылы оқиға бірден ішкі істер органдарында қызмет еткен екі полиция қызметкерінің өмірін қиды. Бірақ, ең өкініштісі, жантүршігерлік апатты жасаған жүргізуші бұрын погон киген. Алты жыл полицияда жұмыс істеген, ол қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ одан кейін де ол өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, ауыр зардаптарын біле тұра, ол рульге мас күйінде отырып, қылмыс жасады, - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.Алматы полициясының басшысы екі немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін А. есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты (15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады). Қазіргі уақытта ол қамауда.
Айта кетсек, бүгін таңертең Көксай ықшамауданындағы №4 бақылау-өткізу бекетінде BMW маркалы көліктің мас жүргізушісі бетон қоршауды, кейін патрульдік көлікті соққан болатын. Апаттан Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов есімді полиция қызметкерлері мерт болды. Сондай-ақ, сол блок-бекетте болған апатты жағдайдан үшінші полиция қызметкері ауыр жараланып, жан сақтау бөліміне түсті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Көктемгі егіс жұмыстары үшін 170 млрд теңге бөлінген
Өзгелердің жаңалығы