Блок-бекеттегі апат: Азаматов оқиғадан 4 күн бұрын жұмыстан шығарылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында Алматыдағы блок-бекетте болған жол көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді. 

Қызметтік тергеу жүргізілді. Осыған дейін менің бұйрығыммен 9 адам жауапкершілікке тартылып, оның үшеуі кадрлық қызметті құлдыратқаны үшін қызметінен босатылған. Алматы қаласы бойынша департамент бастығының бұйрығы бар. Ол бойынша Азат Азаматов 21 мамырда жұмыстан шығарылған, яғни оқиғаға 4 күнге дейін, - деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Министр оқиғаға қатысты өзге мәліметтерді ашық айта алмайтынын айтты. 

Аталған қылмыстық істі тергеу барынша ашық болуы үшін аталған іс Алматы облысының департаментінен алынып, Ішкі істер министрілігіне тапсырылды. Бұл өз міндетін атқару кезінде қаза болған біздің қызметкерлерімізге және бұрын біздің қатарымызда болған қызметкерге қатысты болғандықтан, іс бүге-шүгесіне дейін зерделенуі керек. Істің қорытындысын тергеу аяқталған соң хабарлаймыз, - деді ол.
Еске салсақ, 25 мамырда Алматыда BMW көлігінің жүргізушісі блок-бекетті қағып өтіп, патрульдік машинаға келіп соғылған еді. Көлік салонында екі полиция, Дастан Әбдіқанов пен Жарас Жанғазиев болған. Оның біреуі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болды. 26 жасар Ербұлан Сейдазы қайғылы оқиға күні блок-бекетте кезекшілік етіп, бас жарақатын алған. Кейіннен ол есін жиды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы