Блогерлерге салық. Экономист кімдерге ауыр тиетінін айтты
Елімізде блогерлердің табысы бақылауға алынып, салық салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Жеке шотқа түскен қаражаттан салық төлеуді айналып өтетіндер бар. Белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұл үрдіс емес – заң бұзушылық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылдан бастап Қазақстанның Кірістер комитеті банктермен бірлесіп, карта аударымдарын тексеруге кірісті. Нәтижесінде кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жеке шотына қаражат қабылдап, ешқандай салық төлемейтін азаматтар анықтала бастады. Экономист Мақсат Халық бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
Кез келген табыс заң бойынша салыққа ілігуі керек. Бізде көп блогер жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде тіркелгенін айтып, ресми түрде салық төлеп отырмыз деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, жеке шоттарына түскен ақшаға мән бермейтіндер көп. Ал биылдан бастап банктер мен Кірістер комитетінің келісімі негізінде мұндай аударымдар тексеріле бастады. Сондықтан блогерлер салық төлеуі тиіс деген талап қойылып отыр, – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, салық жүйесі әділ әрі қарапайым болуы керек. Яғни, табыс көп болса – салық мөлшері де жоғары, табысы аз азаматтар үшін салық ауыртпалық болмауы қажет.
Салық тым жоғары да, тым төмен де болмауы керек. Бізге салықты қиындатпай, әркімнің табысына қарай әділетті жүйе енгізген жөн. Егер бұл дұрыс реттелсе, қоғамда әділдік орнайды. Қазір бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр, – дейді Мақсат Халық.
Сарапшының сөзінше, салық төлеуден жалтарып жүрген тек блогерлер емес. Кейбір кәсіпкерлер де өз табысын жасырып, заңнан жалтаруға тырысады.
Жеке шотқа тікелей ақша қабылдап, еш жерде тіркелмей жүрген азаматтар бар. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Салық жүйесі әділетті түрде жұмыс істеуі үшін, мемлекет барлық табысты бақылауға алуы керек, – деп түйіндеді экономист.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлер кірістерін 53 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткені туралы, Қазақстандық тележүргізуші, актриса әрі блогер Дарья Александрова салық органдарынан алған хаттан соң жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскенін және тізімде өз атын тапқан саясаткер Мұхтар Тайжан осы жағдайға қатысты өз пікірін білдіргені туралы жазған болатынбыз.