Блогерлер нейрожеліні дұрыс пайдалануы қажет - маман
Бүгінгі таңда әр салада жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып, жұмысын жеңілдетіп келеді. Әйгілі Илон Маск сұхбатында жасанды интеллектің келешекте адамзатқа қауіпті екенін айтқан болатын. Дегенмен нейрожелілер мамандардың орнын бүгін-ертең ауыстырмайды. Блогер әрі SMM маманы Елдос Сансызбаев нейро әлемдегі блогерлік жол туралы айтып берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Қазіргі таңда көптің қызығына айналған нейрожелілер әлеуметтік желілерге қалай әсер етеді? Сіздің ойыңызша, келешекте жасанды интеллект блогерлерге бәсекелес болып қалуы мүмкін бе?
Нейрожелі өте тез дамып жатыр. Бұл жасанды интеллект бірқатар маман иелерінің ісіне соққы болып тиюде. Әлжеліде блогерлер енді SMM мамандары қажет емес, олардың орнына осындай боттар қызмет атқарады деген пікір айтып жүр. Меніңше, мұндай жаңашылдық SMM маманына кедергі келтірмейді, керісінше, қолын ұзартады. Мәселен, Chat GPT чат-боты арқылы біз өз кәсібімізге контент план жасай аламыз. Ботқа жиі жазып, дұрыс сұрақ қойсақ, оның жұмысы тиімді бола түсетінін байқаймыз. Сол себепті маман үшін нақты кедергі болып, орнын алмастыра қоймайды.
Әрине, мықты дизайнерлер мен арт-дизайн жасайтын мамандарға шамалы қиын болып қалды. Қазіргі таңда нейрожелі трендте. Нейрожелілердің келешегі бар дүние сол себепті мұны үйреніп, өз саламызға бейімдеуіміз керек. Себебі жоғарыда айтқан, видеограф, дизайнерлер аталған желінің қыр-сырын уақтылы меңгеріп отырмаса, бір орында қалып қоюы мүмкін.
- Блогер болғысы келетін адам көп. Бірақ көбі камера алдына сөйлеуге қорқады немесе қысылып қалады. Мұны сіз қалай жеңдіңіз? Арнайы әдісі бар ма?
Камера алдында сөйлеуге қорқу менде де болды. Басында менің оқырманым таныс-біліс достарым ғана болды. Егер мен өзімді түсіріп бастасам мазаққа қалам ба деп ойладым. Өйткені алғаш рет түсіріп жүрген кезде «маған блогер болып кеттің бе?» деп сөгетіндер болды. Бірақ мен оған көңіл бөлмедім, себебі ол менің аудиториям емес. Мен жасаған контент оларға арналмаған. Басты дүниенің бірі мақсатты дұрыс қою керек. Кейде кейбір адамдар камера алдына шығуға қорқады, себебі мақсаты нақты емес, не мүлдем болмайды. Нақты талап қойылса, достардың сыны ештеңе шешпейтініне анық көзіңіз жетсе камераға сөйлеуді бастап кету керек. Кеңес ретінде айтарым, өзіңізді жиі камераға түсіріңіз. Басында оны еш жерде жариялаудың қажет жоқ тек өзіңіз үшін түсіре беріңіз. Достарыңыз сіздің аудиторияңыз емес екенін қаперде ұстаңыз.
- Парламентте «тик-токты» шектеу туралы ұсыныс айтылды. Бұған қалай қарайсыз?
Үйдегі ата-ана балаға белгілі бір шектеулер қоюы тиіс. Яғни әлеуметтік желіде көп отырса оған бақылау жасау керек. Мүлдем шектеп тастауға болмайды. Мәселен, TikTok-тан көп дүниелерді, лайфхактарды үйренуге болады. Кейде тиімді ақпаратты тұтынған жас мықты блогерлер қалыптасып жатады. Бірақ заң шығарудың қажет жоқ, бастысы үйде бақылау жасап, белгілі бір тәртіпте ұстау керек.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!