Бүгiн 2026, 10:13 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Блогер Жанабыловтың әйелі сотта жауап беріп жатыр

Елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Бүгін сотта айыпталушы блогер Эльмира Төлегенова өз шындығын айтып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айыпталушы Төлегеноваға адвокаты Гаухар Айтжанова сұрақ қойып жатыр.

Блогер 2020 жылы тауар бизнесімен айналыса бастағандарын айтты. 

Кейін нарықта өнімімізді дамытып, бәсекелестермен қатар жұмыс істеуге тырыстық. Әрбір сапар белгілі бір деңгейде энергия мен қаржылық шығындарды талап етеді, бұл арзан процесс емес. Соған қарамастан, біз дамуды тоқтатпай, өз тәжірибемізбен әлеуметтік желілерде бөлісіп отырдық. Қандай өнім, қалай жұмыс істейтінімізді айттық. Жалпы, бұл адамдарға қызық болды - кейбіреулер тауар бизнесіне келгісі келді, енді бірі қайта сату бағытына қызықты. 2025 жылы бізге Сұңғат Өтеболатов (IT-маман - ред.) хабарласты. Ортақ онлайн-кездесу өтті, оған әртүрлі компания өкілдері қатысты. Сол кезде олар жаңа жобаны басқа блогерлермен бірге іске қосуды жоспарлап отырғанын айтып, бізге де қосылуды ұсынды, – деді блогер Эльмира Төлегенова сот барысында.

Еске сала кетейік, тергеу барысында блогерлерге қатысты бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.

Атап айтқанда, тергеу оларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік, сондай-ақ 218-бабы – қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру (ақшаны жылыстату) бойынша күдікті деп отыр.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта блогер Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Бүгін белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.